Президент тапсырмасына сәйкес, «Таза Қазақстан» бағдарламасы Төлеби ауданында белсенді жалғасуда. Осыған орай, облыс әкімінің бірінші орынбасары Зұлпыхар Жолдасов ауданға іссапармен барып, тазалық жұмыстарын бақылады. Іс-шараға 130 адам қатысып, 2 арнайы техника жұмылдырылды. 6,5 шақырым өзен бойы, 12 шақырым аудандық маңызы бар жол тазаланды. Нәтижесінде, 7 тонна күл-қоқыс шығарылды.


Төлеби ауданы – табиғаты көркем, экологиялық әлеуеті жоғары өңір. Жаз маусымда адам аяғы үзілмейді. Көбісі бұл аумақтың саф таза ауасын жұтып, саяхаттауға келеді. Өкінішке қарай, табиғат аясын бүлдіріп, күл-қоқысты шашып кететін жағдайлар көп. Осыны ескергендер «Таза Қазақстан» акциясын ұйымдастырды.


ЗҰЛПЫХАР САНСЫЗБАЙҰЛЫ, ТҮРКІСТАН ОБЛЫСЫ ӘКІМІНІҢ БІРІНШІ ОРЫНБАСАРЫ

Қазір мынау Президенттің тапсырмасы тапсырмасы аясында «Таза Қазақстан» акциясын жүргізіп жатырмыз. Облыста көптеген іс-шаралар жүргізіп жатырмыз, бір жағынан түсініктеме жұмыстарын жүргізіп жатырмыз. Ең бастысы адамдардың санасын өзгерту керек. Екіншісі мынау штраф салып жатырмыз. Өзіміз мынау мемлекет болып қоғамдық азаматтар болып жинау жұмыстарын жүргізіп жатырмыз


Аудан бойынша тазалық жұмыстары, қоқыс шығару, өзен-көлдерді тазарту сынды бірқатар жұмыстар атқарылды. Бұл — тек бір күндік науқан емес, ұзақ мерзімді, жүйелі жұмыстың бір бөлігі болуы тиіс. Сонымен қатар, өрт қауіпсіздігінің алдын-алу шаралары қатаң бақылауда болуы қажет, - деді шараны ұйымдастырушылар.


Сондай-ақ жыл басынан бері абаттандыру қағидаларын бұзып, ортақ пайдаланылатын орындарды ластау бойынша жалпы 130 ескерту, 642 әкімшілік хаттама толтырылды. Нәтижесінде 11,3 млн теңге көлемінде айыппұл салынып, оның 9,2 млн теңгесі өндірілді.