Мектеп жасындағы балалардың тәрбиесі – отбасы мен білім ұйымдарының бірлескен, жүйелі жұмысты қажет ететін маңызды үдеріс. Бұл кезеңде бала тұлғасы қалыптасып, мінезі, құндылықтары, қарым-қатынас дағдылары бекітіледі. Сондықтан мектеп тәрбиесі тек сабақ барысында ғана емес, ата-анамен тығыз байланыста жүргізілгенде ғана нәтижелі болады. Осыны ескерген Түркістан қалалық прокуратурасы алқалы жиын өткізді. Оған мектеп ұстаздары мен ата-аналар қатысты.
Баланың дамуына ең алдымен отбасы әсер етеді. Ата-ана - баланың алғашқы ұстазы. Үйдегі қарым-қатынас, күн тәртібі, ата-ананың өнегесі, қолдауы мен бақылауы баланың мектептегі үлгеріміне, тәртібіне және өзіне сеніміне тікелей ықпал етеді. Сол себепті мектеп пен ата-ананың өзара әрекеті жүйелі әрі ашық болуы керек, - дейді ілкі буын.
ҰЛЖАЛҒАС МҰСТАФАЕВА, АТА-АНАЛАР КЕҢЕСІНІҢ ТӨРАҒАСЫ
«Ата-аналар балаларға көп тәрбие беруі керек. Кешке үйде отырғанда басынан сипап, бүгін не үйрендің деп сұрауы керек.»
Әкелер кеңесі – ата-аналармен жұмыстың ерекше әрі тиімді формаларының бірі. Қазіргі қоғамда бала тәрбиесіне әкенің белсенді қатысуына ерекше мән берілуде. Өйткені әке балаға жауапкершілік, тәртіп, батылдық, еңбекқорлық секілді қасиеттерді қалыптастыруда маңызды рөл атқарады. Әкелер кеңесі осы бағыттағы жұмысты жүйелеуге мүмкіндік береді.
ҚАЛИ ПІРӘЛИЕВ, ӘКЕЛЕР МЕКТЕБІНІҢ ТӨРАҒАСЫ
«Түрлі мәселелер бар. Жастарға кері әсерін тигізетін дүниелер көп. Біз соған ұжым боп жұмылып жәрдем беруіміз керек.»
Ата-аналардың мектепішілік шараларға қатысуы – бір жағынан ата-аналарды педагогикалық мәдениетке тәрбиелесе, екінші жағынан мектеп пен отбасының бір мақсатқа жұмылуына мүмкіндік береді.
МҮСІЛІМ ТӨЛЕБЕКОВ, ПРОКУРОР
«Жайсыз отбасылар да көп тіркелген. Олармен біз жеке жұмыс істейміз. Олардың ата-аналарына түсіндіру жұмыстарын жүргіземіз.»
Мектеп пен отбасының ынтымақтастығы – сапалы тәрбиенің басты кепілі. Әкелер кеңесінің жұмысын жүйелі ұйымдастыру баланың жан-жақты дамуына, жауапты әрі саналы азамат болып қалыптасуына нақты ықпал етеді. Мектеп тәрбиесі мен ата-ананың қолдауы бір бағытқа тоғысқанда ғана нәтиже берікті әрі тұрақты болады. Жиында айтылған ой осыған саяды.