Түркістан облысында балық шаруашылығын дамыту бағытындағы жұмыс жанданды. Балықшылар өңірді ғана емес, экспорттың әлеуетін арттыруды да жоспарлап отыр. Шаруашылықтың бұл түрі бойынша өңір көш басында тұр.


2030 жылға дейін Түркістан облысы бойынша тауарлы балық өсіру көлемін 20 мың тоннаға арттыру көзделген. Ал биылғы жоспар — 7467 тонна. Қазіргі таңда балық өсірумен айналысатын шаруашылықтардың саны 245-ке жетіп, оның 164-і облысаралық бассейндік балық шаруашылығы инспекциясымен заңдастырылған.


ИБРАГИМ БОЛАТҰЛЫ, БАЛЫҚШЫ
Қолдан өсірілген балықтар — 1,5–2 келі. Сазан қолдан өсірілген. Бұлар екі сезонда тауарлы балыққа жетеді. Көктемде 100–200 грамм қылып тастаймыз, күзде 1,5–2 келі балық аламыз. Балық шаруашылығы — өте тиімді, ақтайтын кәсіптің бірі. Қарқынды дамып келе жатқан Қазақстанда еліміздің балық жеу нормасы өте аз. Нарықта тапшы деуге де болады. Өте пайдалы организм үшін.


«Ауыл аманаты» бағдарламасына республикалық бюджеттен 7,4 млрд теңге және қайтарым қаражатынан 1,3 млрд теңге жоспарланған. Аталған бағдарламаның IV бағытына сәйкес, балық шаруашылығын дамыту көзделіп, 2025 жылға 71 жобаға 698 млн теңге қарастырылған.


ОРАЗХАН РЫСМҰРАТ, БАЛЫҚШЫ
Оңтүстік аймақта «вегетациялық кезең» дейді ғой. Жылы күндер саны көп болғандықтан, оңтүстікте осы сазан балығымен айналысқан пайдалы болып саналады. Бір сезонда уылдырықтан бастап өңірде 250 грамға дейін орта есеппен шабақтар өседі. Уылдырықты аналық-аталық балықтарымыз бар, керекті уколдарын салып, соны тудырамыз.


Түркістан облысы балық өсіруден жақсы дамыған өңірлер тізімінде көш басында тұр. Биыл 4,3 мың тонна балық еті өндірілген.