«AMANAT» партиясының Шымкент қалалық филиалы «Таза бейсенбі» экологиялық акциясын кезекті рет ұйымдастырды. Үшінші мегаполисте өткен игі шараға 2 арнайы техника мен 100-ден аса адам жұмылдырылды.


Бұл жолғы кең көлемді тазалық жұмыстары Қаратау ауданы аумағында жүргізілді. Акцияға партия филиалдарының қызметкерлері, ерікті жастар мен коммуналдық мекеме өкілдері белсене қатысып, қоршаған ортаны қорғауға өз үлестерін қосты. Қатысушылар көшелер мен жаяу жүргіншілер аймағын қоқыстан тазартып, арамшөптерді орып, ағаштардың сынған бұтақтарын ретке келтірді.


ЕРБОЛ БАЙҚОНЫСОВ, «AMANAT» ПАРТИЯСЫ ШЫМКЕНТ ҚАЛАЛЫҚ ФИЛИАЛЫ АТҚАРУШЫ ХАТШЫСЫНЫҢ ОРЫНБАСАРЫ
«Шымкент қаласының тұрғындары мен қала қонақтарын тазалықты сақтауға шақырамыз. Өйткені Шымкент қаласы экологиялық таза шаһарға айналуы тиіс деп есептейміз.»


Жалпы, бүгінгі күнге дейін Шымкент қаласында «AMANAT» партиясының бастамасымен 50-ге жуық экологиялық акция өткізілді. Нәтижесінде 47 тоннадан астам тұрмыстық қалдық шығарылып, мегаполистің экологиялық жағдайы жақсара түсті.


 КАРАМА РАЙМКУЛОВА, ҚАРАТАУ АУДАНЫНЫҢ КММ УЧАСКЕЛІК МАМАНЫ
«Аулалар мен жолдың бойын күл-қоқыстан тазартамыз. Қазір қыс мезгілі болғандықтан, жердегі жапырақтарды жинаумен айналысып жатырмыз.»


Алдағы уақытта да партияның қалалық филиалы аталған бағыттағы жұмысты жүйелі түрде жалғастыруды көздеп отыр. Мұндай экологиялық бастамалар қала аумағының санитарлық тазалығын қамтамасыз етіп қана қоймай, тұрғындардың табиғатты аялауға деген жауапкершілігін арттыруға ықпал етеді.