Академик Әбдімұса Қуатбеков атындағы Халықтар достығы университеті оқушыларға арнап ашық есік күнін ұйымдастырды. Жиында оқу орны ұжымы талапкерлерге білім ордасын таныстырып, ұсынар мүмкіндіктерін баяндады.


Озық үлгідегі еңселі оқу орны заманауи технологиялармен жабдықталған. Студенттер теорияда алған білімін іс-тәжірибеде ұштап, мамандығына машыға алады. Ол үшін арнайы зертханалар мен шеберханалар, ғылыми лабораториялар жұмыс істейді. Көпсалалы университет техникалық мамандықтарға да айрықша мән берген. Архитектор, құрылысшы секілді жұмысшы мамандарын оқытады. Талапкерлерге де ұсынар мүмкіндіктері мол.


БЕРДІҚҰЛ САДЫҚОВ, ТӘРБИЕ ЖӘНЕ ӘЛЕУМЕТТІК ІСТЕР ЖӨНІНДЕГІ ПРОРЕКТОР
– «Жоғары бал жинайды. Бірақ грантқа 1–2 бал жетпей қалады. Сондай талапкерлер бізге келіп, сертификатын көрсетсе, бізде ректор грантын ұсынуға мүмкіндік бар.»


Айша Бухаева – Ордабасы ауданында орналасқан «Қызылжар» мектебінің мұғалімі. Ашық есік күні боларын естіген ол оқушыларын жетелеп осында келген. Мақсаты – шәкірттеріне оқу орын базасын таныстырып, жөн сілтеу.


АЙША БУХАЕВА, КӘСІПТІК БІЛІМ БЕРУ ПЕДАГОГЫ
 – «Қандай мамандық, қандай мүмкіндіктер бар деп оқушыларды университеттерге алып барамыз.»  «Өте жақсы университет екен. Енді басқа оқушыларға да айтамыз деп отырмыз мектептегі.»


Студенттер университетке алғаш келген оқушыларға арнап концерттік бағдарлама ұсынды. Онда белсенді шәкірттер өнер көрсетіп, көрерменге көтеріңкі көңіл-күй сыйлады.


Аяулым Тойшыбек – 11-сынып оқушысы. Ғылымға жаны жақын шәкірт білім ордасын аралап, ондағы мүмкіндіктермен танысты. Студенттермен әңгімелесіп, оқу орны жайында жан-жақты ақпарат алды. «Университет мен ойлағаннан әлдеқайда керемет екен» деген оқушы, мұнда оқуға ниетті екенін жеткізді.


АЯУЛЫМ ТОЙШЫБЕК, ОҚУШЫ
– «Шымкентте білім өте төмен деп ойладым.»  «Иә, мен универден мұндайды күткен жоқпын. Мұндай күшті кафедралар бар екен. Топырақты да терең зерттейді екен.» «Бұл университетте ғылыммен айналысуға барлық мүмкіндік қарастырылған екен.»


 Білім ордасы шетелдік оқу орындарымен әріптестік байланыс орнатқан. Серіктестердің бірі – Ташкент мемлекеттік көлік университеті. Екі тарап өзара тәжірибе алмасып, ортақ жобаларды жұмыла атқарады. Арнайы бағдарлама негізінде ташкенттік студенттерді оқытып, өз шәкірттерін де Өзбекстан астанасына жіберіп отырады. Мақсат – әріптестікті нығайтып, талапкерлердің білімін жетілдіру.


ШЫНБОЛАТ СҮЙІНБАЕВ, ТАШКЕНТ МЕМЛЕКЕТТІК КӨЛІК УНИВЕРСИТЕТІНІҢ ПРОФЕССОРЫ
 – «Осы университетпен тығыз байланыс орнатып жүрміз. Атап айтар болсақ, информатика және физика кафедрасымен бірге ғылыми жобаларды атқарып жүрміз.»  «Педагогикалық мәселе болсын, ғылыми мәселе болсын – бірлесе шешім іздеп, жұмыла жұмыс істеп келеміз.»


Қонақтар университеттің оқу үрдісі, шетелдік академиялық ұтқырлық бағдарламалары, дуалды оқыту, стартаптар мен ғылыми жобаларды қолдау мүмкіндіктері туралы жан-жақты ақпарат алды.