Қала әкімі Шымкент Сити шағынауданындағы қоғамдық кеңістік құрылысын көрді. Демеушілік қаражат есебінен жүзеге асырылып жатқан жобаның жалпы аумағы 17 240 шаршы метрді құрайды. Нысанда абаттандырудың негізгі жұмысы аяқталуға жақын. Көгалдандыру аясында түрлі ағаш, бұта және сәндік өсімдіктер отырғызу жоспарланған. Жаңа демалыс аймағы шағынаудан тұрғындарының қауіпсіз әрі жайлы уақыт өткізуіне жағдай жасау мақсатында салынуда.


 Бұдан бөлек, Асар шағынауданында қала көгалдандыруына қажетті көпжылдық гүл өсірілетін жылыжайға барды. Мұнда көшет өсіру процесімен, өсімдіктерді күтіп-баптау жағдайымен және қолданылатын агротехнологиялармен танысты. Көпжылдық гүл дақылдарын алдын ала дайындау шығындарды азайтып, қаражатты тиімді пайдалануға және магистральдық көшелер мен қоғамдық орындарды сапалы отырғызу материалымен қамтамасыз етуге мүмкіндік береді. Сонымен қатар, Әл-Фараби ауданының Быковский көшесінде жергілікті тұрғындардың сұранысы бойынша салынып жатқан тағы бір қоғамдық кеңістік құрылысы тексерілді. Ауданы 1 050 шаршы метрді құрайтын демалыс аймағында жаяу жүргінші жолын салу, автотұрақ ұйымдастыру, жарықтандыру және жасыл желек отырғызу қарастырылған. Аралау соңында Теріскей шағынауданында салынған балалар алаңы және Қаратау ауданы әкімдігі ғимараты маңында демеушілер есебінен абаттандырылып жатқан демалыс аймағының құрылыс жұмысы бақыланды. Бұл жобалардың барлығы қалада қауіпсіз, қолайлы және эстетикалық тартымды қоғамдық кеңістік құруға, жасыл аймақты көбейтуге және тұрғындардың өмір сүру сапасын арттыруға бағытталған.