Қала әкімі Ғабит Сыздықбеков Астана қаласында өткен баспасөз конференциясында мегаполистің әлеуметтік-экономикалық дамуы туралы баяндады. Жыл басынан бері мегаполисте экономиканың өсімі 14,8 пайызды құраған. Сауда, байланыс, өнеркәсіп саласы қарқынды дамып келеді. Бүгінде өңдеу өнеркәсібі 16,5 пайызға өскен. Соңғы жылдары құны 150 млрд теңге болатын 40 жоба іске қосылып, 2,5 мың адам жұмыспен қамтылған.

Мемлекет басшысы Шымкент қаласында оңтүстік аймақтардан барлық тауарларды қабылдайтын логистикалық хаб құруды тапсырған болатын. Бұл өңірдегі азық-түлік қауіпсіздігін сақтау мен сауда үшін жаңа мүмкіндіктер береді. Осы мақсатта қалада индустриалды аймақтар саны артуда.

 ҒАБИТ СЫЗДЫҚБЕКОВ, ШЫМКЕНТ ҚАЛАСЫНЫҢ ӘКІМІ
Президентіміздің тапсырмасына сәйкес өңірге инвестиция тарту стратегиялық мақсатымыз болып табылады. Инвесторларға тұрақты түрде қолдау көрсетіп, жағдай жасап келеміз. Соңғы 3 жылда қала экономикасына 2 трлн теңгеден астам инвестиция тартылды, оның 75 пайызы – жеке инвесторлар есебінен. Орташа жылдық өсім 11 пайызды құрады.

Бүгінгі таңда қалада жалпы құны 4,6 трлн теңге болатын 221 инвестициялық жобаның пулы жасақталған. Бұл жобалар аясында 29 мыңнан аса жаңа жұмыс орны құрылатын болады. Қала экономикасында шағын және орта кәсіпкерлікпен өндірілген өнім үлесі 41 пайыздан 58 пайызға артқан.

 ҒАБИТ СЫЗДЫҚБЕКОВ, ШЫМКЕНТ ҚАЛАСЫНЫҢ ӘКІМІ
Биыл кәсіпкерлікті мемлекеттік қолдау шараларына 20 млрд теңге қаралып (РБ – 15,3 млрд тг, ЖБ – 4,7 млрд тг), бүгінде 1 971 жобаға қолдау көрсетілді (оның ішінде 191 жаңа жоба). Жаңа бастамаларды қолдау мақсатында кәсіпкерлерге қолжетімді инфрақұрылыммен қамтылған, аумағы 45 мың шаршы метрді құрайтын 3 шағын өндірістік алаңды (Промпарк) құру жұмыстары аяқталуда.

Қазіргі таңда қаламызда бизнесті мемлекеттік қолдау шараларының нәтижесінде соңғы 3 жылда шаһардағы белсенді жұмыс істейтін шағын және орта кәсіпкерлік субъектілерінің саны 128 мыңнан 141 мыңға жеткен. Нәтижесінде жұмыспен қамтылғандар саны 250 мыңнан асқан. Баяндамадан кейін қала басшысы БАҚ өкілдері қойған 100-ге жуық сұраққа жауап беріп, мегаполисте атқарылып жатқан жұмыстарды егжей-тегжейлі баяндады.