Еліміздегі білім беру саласы жаңа кезеңге қадам басты. Елдің түпкір-түпкірінде «Келешек мектептері» ұлттық жобасы бойынша заманауи білім орталықтары салынып жатыр. Осындай білім ұясының бірі – Шардара ауданындағы Өтеғұл елді мекеніндегі №3 жалпы білім беретін мектеп. Биыл жаңа оқу жылынан бастап балалар игілігіне пайдалануға берілген мекемеде қазір 300 бала білім алады.
Бұған дейін ескі мектепте оқыған оқушылар «Келешек мектептері» ұлттық жобасы аясында салынған жаңа ғимаратта білімін жетілдіруге мүмкіндік алып отыр. Заманауи техникамен жабдықталған сыныптарда теорияда алған білімін іс жүзінде қолданады.
ДАРХАН ЕДІЛХАН, ОҚУШЫ
«Жаңа мектеп заманауи талапқа сай салынған. Бұл мектепте көптеген бөлмелер бар. Мысалы, спорт зал, асхана және білім беретін сыныптар бар.»
АЗИЗА МҰХАМЕДҚЫЗЫ, ОҚУШЫ
«Бұл мектептегі барлық ұстаздарға менің көңілім толады. Олар қандай пән болса да сабақты тереңінен түсіндіреді. Бұл мектепте химия және биология пәндеріне келер болсақ, біз көп тәжірибе жасаймыз, зертханалық кабинетте жұмыс істейміз.»
Жаңа мектепте пән кабинеттері, STEM және робототехника зертханалары, ІТ сыныптары, спорт және акт залы, кітапхана, психолог және медицина кабинеттері толық жабдықталған. Мектепте білім сапасын арттыру бағытында білікті педагогтер қызмет етеді: педагог-зерттеуші, сарапшы, модератор санатындағы 90-ға жуық мұғалім жұмыс істейді.
БИБІГҮЛ ДӘРМЕНОВА, ДИРЕКТОРДЫҢ ОҚУ ІСІ ЖӨНІНДЕГІ ОРЫНБАСАРЫ
«Біздің мектебімізде педагог-зерттеуші, педагог-сарапшы мамандары жұмыс істейді. Әр пәннің өз маманы бар. Лабораторияда лаборанттарымыз жұмыс істейді. Олар күнделікті әртүрлі іс-шаралар өткізеді. Таңертең сабақтар өтсе, түстен кейін үйірмелер ұйымдастырылады. Шеберхана, тігін цехы, би алаңы, хореография кабинеті бар. Балалар еңбек кабинеттерінде әртүрлі ағаштармен жұмыс жасайды. Ол жер де заманауи техникамен жабдықталған.»
Айта кетейік, «Келешек мектептері» жобасы аясында Түркістан облысында 23 мың орындық 29 мектеп құрылысы жоспарланған. Оның 28-і пайдалануға берілген. Қалған 1 мектептің құрылысы жыл соңына дейін аяқталады.