Түркістан облысында 10 айдың қорытындысымен әлеуметтік-экономикалық дамудың оң динамикасы сақталды. Өнеркәсіп өнім көлемі 1 трлн 256 млрд теңгеден асып, өткен жылмен салыстырғанда 113,4 пайызға артқан. Өңір басшысы Нұралхан Көшеров Астана қаласында өткен баспасөз конференциясында облыстың әлеуметтік-экономикалық дамуы туралы баяндады.


Түркістан облысы өңдеу өнеркәсібі саласында өңірлер арасында алдыңғы қатарда келеді. Биыл 593,2 млрд теңгенің өнімі өндірілген. Ал тау-кен өніміндегі табыс 574,6 млрд теңгеге жеткен.


 НҰРАЛХАН КӨШЕРОВ, ТҮРКІСТАН ОБЛЫСЫНЫҢ ӘКІМІ
«Облыс экономикасының дамуына тың серпін беретін, жалпы құны 2,6 трлн теңге болатын 111 инвестициялық жоба пулы әзірленіп, тиісті жұмыс жүруде. Түркістан облысындағы 20 индустриалды аймақта құны 152 млрд теңгені құрайтын 99 инвестициялық жоба іске асырылуда. Толық іске асқанда 6 361 жұмыс орны ашылады. Бүгінгі таңда 39 млрд теңге инвестиция тартылып, 50 жоба іске қосылды. 2 609 адам тұрақты жұмыспен қамтылды. “Turan” арнайы экономикалық аймағында 211,8 млрд теңгеге 28 ірі жоба қолға алынған.»


Облыс мақта, ет және жүгері кластерлері саласында да жақсы нәтижеге қол жеткізіп отыр. Ауыл шаруашылығы саласы 1 трлн теңгеге жуық кіріс әкелсе, мал шаруашылығында 353,5 млрд теңгенің өнімі өндірілген.


НҰРАЛХАН КӨШЕРОВ, ТҮРКІСТАН ОБЛЫСЫНЫҢ ӘКІМІ
 «Өңірдің географиялық-климаттық ерекшелігін ескере отырып, 3 кластерлік бағытты дамытуды қолға алдық. Су үнемдеу технологиясын қолдана отырып, мақтаның элиталық сортын өсіру және шикізатты терең өңдеу қамтылатын тоқыма кластері құрылды. Кластер өндірістік процестердің барлық кезеңдерін қамтиды. Жүгері кластері бағытында “Казрахмал” зауыты салынды. Келесі жылы іске қосамыз. Құны 35 млрд теңге, 251 жұмыс орны ашылады. Жалпы 150 мың тонна жүгері терең өңделіп, 26 түрлі өнім шығарылады.»


Облыс экономикасына 1 178,4 млрд теңге инвестиция тартылған. Жалпы сауда көлемі 688,4 млрд теңгеге жетті. Ал құрылыс жұмыстарының көлемі 450,6 млрд теңгеге жетіп, 931,1 мың шаршы метр тұрғын үй пайдалануға тапсырылды. Сондай-ақ білім және денсаулық сақтау саласында да ілгерілеушілік бар.


НҰРАЛХАН КӨШЕРОВ, ТҮРКІСТАН ОБЛЫСЫНЫҢ ӘКІМІ
«Түркістан облысында 2 жылда “Келешек мектептері” жобасы аясында 28 мектеп пайдалануға берілді. Жергілікті бюджеттен биыл 4 мектеп тапсырылады. Ауылдарды инфрақұрылыммен қамту жұмысы қарқынды жүргізіліп жатыр. Он айда облысқа 500 мыңнан астам турист келіп, осы сала арқылы 6,6 млрд теңге табыс түсті. E-qonaq жүйесіндегі дерек бойынша, 2025 жылдың 10 айында облысқа шетелден 43,8 мың адам келіп, өткен жылдың осы кезеңімен салыстырғанда 2 есе артқан.»


Облыста жыл басынан бері 10 айда өнеркәсіп саласында 107 млрд теңгеге 22 жоба іске асырылып, 2 443 жұмыс орны ашылды. Түркістан маңында 100 гектар аумақта “Шағын өнеркәсіптік парк” жобасы іске асырылуда. Жоба аясында 152 ғимарат салынып, 6 040 жұмыс орнын құру жоспарланған.