Бүгін колледж студенттері мен еріктілер жергілікті шұлық фабрикасына экскурсия жасап, өндірістің үдеріс барысымен танысты. Жұмысшы мамандықтар жылы аясында өткізілген шараны Шымкент қалалық AMANAT партиясы ұйымдастырды. Танымдық сапар жастардың кәсіби бағдарын кеңейтуге бағытталған.
Өндіріс саласындағы бастамалар жұмысшы мамандықтарының беделін бұрынғыдан да биіктете түсті. Еңбек майданында табандылықпен тер төгіп жүрген мамандар – экономиканың тірегі. Бұл жолы білім алушылар шаһардағы ірі кәсіпорын саналатын ALEM-BT фабрикасына барды. Студенттерге өндіріс саласындағы жаңа мүмкіндіктер жөнінде кең көлемде ақпарат берілді.
ЕРБОЛ БАЙҚОНЫСОВ, AMANAT ПАРТИЯСЫ ШЫМКЕНТ ҚАЛАЛЫҚ ФИЛИАЛЫ АТҚАРУШЫ ХАТШЫСЫНЫҢ ОРЫНБАСАРЫ
Бүгінгі шарамыз шұлық фабрикасында өтіп жатыр. Колледждің бітіруші түлектері, жастар ұйымы мен еріктілер қатысып отыр. Мұндағы мақсат - жұмысшы мамандықтарының беделін арттырып, жастарға маңызын түсіндіру.
Аружан Бауыржанқызы - Шымкент жоғары педагогикалық колледжінің студенті. Айти саласында еңбек етуді армандайтын жас, жұмысшы мамандарының қызметін ерекше бағалайды.
АРУЖАН БАУЫРЖАНҚЫЗЫ, ШЫМКЕНТ ЖОҒАРЫ ПЕДАГОГИКАЛЫҚ КОЛЛЕДЖІНІҢ СТУДЕНТІ
Бүгін біз шұлық шығаратын зауытқа келдік. Жұмысшы мамандықтарының маңызын түсініп жатырмыз. Жұмысты қара жұмыс деп бөлмеу керек. Негізгі жұмысты осы кісілер атқарып жатыр.
AMANAT партиясы жыл басынан бері бұл бағытта елуге жуық шара ұйымдастырды. Партия өкілдері жастарды еңбек етуге баулып, мамандық таңдаудың маңызын түсіндіріп келеді.
ТАЙМАС ҚАНБАТЫРОВ, ЕҢБЕКШІ АУДАНДЫҚ AMANAT ПАРТИЯСЫ ФИЛИАЛЫНЫҢ ТӨРАҒАСЫ
Бұл іс-шара жастарға үлкен серпіліс береді. Жұмысшы мамандықтарының да болашағы бар екенін жеткізеді. Жастарды еңбек етуге баулиды деген сенімдеміз.
Он жыл бұрын іргесі қаланған ALEM-BT кәсіпорны қазіргі таңда 80 адамды тұрақты жұмыспен қамтып отыр. Зауыт айына 2,5 миллион өнім өндіреді. Ал компания басшылығы жаңа нарыққа шығу мен негізгі көрсеткішті арттыру жоспарда екенін жеткізді.