Сыбайлас жемқорлық – індет. Ал оған қарсы тұру – ортақ міндет. Бүгін үшінші мегаполисте білім беру ұйымдарының өкілдері мен ата-аналар бас қосып, адалдық қағидаттарын талқылады. Халықаралық сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес күніне орай өткен шараны Мемлекеттік қызмет істері агенттігінің Шымкент қалалық департаменті ұйымдастырды.


 Өскелең ұрпақтың бойында адалдық қағидатын қалыптастыруға бағытталған бұл ауқымды шарада білім алушылардың құқықтық сауаттылығын арттыру жайы сөз болды. Баяндамашылар білім беру саласында белең алған мәселелерді атап көрсетіп, шешу тетіктерін ұсынды.


ҚАНАТ ҚАДЫРБЕКОВ, ҚР МЕМЛЕКЕТТІК ҚЫЗМЕТ ІСТЕРІ АГЕНТТІГІНІҢ ШҚ БОЙЫНША ДЕПАРТАМЕНТІНІҢ БАСШЫСЫ
«Жиын барысында біз сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-шараларды жүргізу бойынша баяндап, білім саласында анықталған заңбұзушылықтар мен кемшіліктер жайлы ой бөлісетін боламыз.»


 «Адал азамат» қағидасы – тәрбиенің негізгі іргетасы. Ал ұстаздар бұл құндылықты сабақ барысында білім алушылардың санасына сіңіреді. Түрлі тәсілдердің көмегімен тәрбие үдерісін қалыптастырып келеді.


РАХАТ АРҒЫНБАЙ, №1 TALANT ЖАЛПЫ БІЛІМ БЕРУ МЕКТЕБІНІҢ ДИРЕКТОРЫ
«Бүгінгі таңда мектепте адалдық құндылықтарына байланысты көптеген іс-шаралар жүзеге асуда. Министрлік бекіткен бағдарламалар балаға тікелей әсер ететін маңызды жобалар деп атауға болады.»


 Шымкенттік тұрғын Мадина Манапова – көпбалалы ана. Ұл-қыздарын адалдық пен парасатқа баулып, өзгенің ала жібін аттамау қажеттігін құлақтарына құйып отырады.


МАДИНА МАНАПОВА, АТА-АНА
 «Болашақ ұрпақ – біздің ертеңгі жемісіміз. Сондықтан әр ата-ана өз баласын адалдыққа тәрбиелеп, өзгенің ала жібін аттама деп отыруы қажет.»


Жиын соңында «Адалдық менен басталады» акциясы аясында өткен байқаудың жеңімпаздары марапатталды. Үздік жұмыстар анықталып, жүлдегерлерге арнайы сыйлықтар табысталды.