«Наурыз» мемлекеттік бағдарламасы аясында «Отбасы банк» өз салымшыларына арнап жылжымайтын мүлік жәрмеңкесін өткізді. Шараға қаладағы ірі құрылыс компаниялары қатысып, өз жобаларын ұсынды.
Келушілер тұрғын үй ұсыныстарымен танысып, мамандардан кеңес алды. Несиелік бағдарламалар жайында ақпарат жинады. «Отбасы банктің» мәлімдеуінше, жыл басынан бері 60 000 тұрғын жаңа депозит ашқан. 4 530 азамат пәтерлі болып, қоныс тойын атап өткен. Жиында банк өкілдері «Наурыз» бағдарламасы жайында ақпарат берді.
ЕРКІН БАҚЫТБЕКҰЛЫ, «ОТБАСЫ БАНК» АҚ ШЫМКЕНТ ҚАЛАЛЫҚ ФИЛИАЛ ДИРЕКТОРЫНЫҢ ОРЫНБАСАРЫ
– «Наурыз – мемлекеттік бағдарлама. Биыл екінші рет өткізіп жатырмыз. Өтінімдерді қабылдау барысындамыз. 1065 адам өтінім бойынша өтті. Олар енді төлем қабілетін растап, үйлі бола алады.»
Жәрмеңкеде үй салушы компаниялар келушілерге өз өнімдерін толық таныстырды. Сапа стандарты мен орналасқан орны жайында ақпарат беріп, тиімді тұстарын санамалады. Тұрғындар құрылыс компанияларының түрлі ұсынымдарын саралап, салыстыруға мүмкіндік алды.
САЛТАНАТ ӘЛІМБЕКОВА, ҚАЛА ТҰРҒЫНЫ
- «Наурыз бағдарламасымен келіп отырмыз осы жерге, көрме болады деген соң. Бағаларын көріп, салыстырып қарап жүрміз.» «Көрме болады, акция болады деген соң келдік.»
Мамандардың айтуынша, екі күндік жәрмеңке аясында «Наурыз 2025» және «Наурыз жұмыскер» бағдарламаларының қатысушылары өздеріне қолайлы тұрғын үйді таңдап, кейін несиеге рәсімдей алады. Айта кетейік, «Qamqor» өңірлік бағдарламасы аясында биыл 403 тұрғын жаңа баспанаға ие болған.