Еріктілер – төтеншеліктердің қолқанаты. Олар жыл бойы бірлесе жұмыс істеп, оқыс оқиғалардың алдын алуға атсалысады. 5 желтоқсан – еріктілер күні. Мереке аясында төтеншеліктер волонтерларды жинап, еңбегі ерен еріктілерді марапаттады.
Еріктілік – еріккеннің ісі емес! Халыққа ақысыз, қайтарым күтпей қайырымдылық жасау екінің бірі бара бермейтін игі іс. Данара Саранова – «Asaa» еріктілер ұйымының жетекшісі. Құрамында 200-ден аса мүшесі бар ұйым қоғам ісіне белсене араласады. Әсіресе төтеншеліктерге қолқабыс жасап, аяқ астынан келетін апаттың алдын алуға үлес қосады. Іс-шара барысында олар екіжақты меморандумды жаңартып, серіктестікті нығайтты.
ДАНАРА САРАНОВА, ASAA ЕРІКТІЛЕР ҰЙЫМЫНЫҢ ТӨРАЙЫМЫ
– «Жыл бойы біз бірге жұмыс істедік. ТЖД жұмысына белсене араластық.» «Мысалы, адам жоғалған кезде оны іздеуге біздің еріктілер атсалысты.»
Іс-шара аясында төтеншеліктер еріктілерге арнап квест ойындарын ұйымдастырды. Түрлі кезеңнен тұратын сайыста волонтерлар шапшаңдық пен ептілікті сынға салып, құтқарушы қызметін атқарды.
АСҚАР ШӘРІП, ҚАЛАЛЫҚ ТЖД РЕСМИ ӨКІЛІ
– «Бұл квесттің негізгі мақсаты – өмір қауіпсіздігін үйрету. Алғашқы медициналық көмек көрсету қағидаттарын түсіндіру. Квест арқылы төтенше жағдайлардың алдын алу және жою мақсатында еріктілермен өзара меморандум түзіледі.»
Ернұр Пірмұхаммед – ерікті. Жығылғанды жебеп, сүрінгенге сүйеу болатын ол қоғамдық жұмыстарға белсене араласады. Құтқарушыларға қолқабыс жасап, төтеншеліктерге көмек көрсетеді. Осы арқылы «қоғам ісіне өз үлесімді қосып, дамуына септігімді тигізгім келеді» дейді ол.
ЕРНҰР ПІРМҰХАММЕД, ЕРІКТІ
– «ТЖД қандай іс-шара ұйымдастырса да келіп тұрамыз. Қолымыздан келгенше көмек көрсетуге тырысамыз.»
Іс-шара барысында төтеншеліктер еріктілерді марапаттап, құрмет көрсетті.