Білім беру жүйесіндегі академиялық адалдық ұстанымын ілгерілету мақсатында республикалық форум өтті. Іс-шараға жергілікті өкілдіктерден бөлек, ZOOM платформасы арқылы өңірлік департаменттер мен білім беру ұйымдарының басшылары қатысты. Жиында Академиялық адалдық лигасы және мүдделі ұйымдар арасында меморандум мен жол картасына қол қойылды.
Академиялық адалдық – ұстаз бен шәкіртке ашық әрі әділ болуды талап етеді. Бармақ басты, көз қысты әрекеттерге қарсы ұстанымды 2022 жылы еліміздегі 22 университет қолдап, «Академиялық адалдық лигасы» құрылған болатын.
ҚАНАТ ҚАДЫРБЕКОВ, ҚАЛАЛЫҚ МЕМЛЕКЕТТІК ҚЫЗМЕТ ІСТЕРІ АГЕНТТІГІ ДЕПАРТАМЕНТІНІҢ БАСШЫСЫ
– «Лиганың негізгі мақсаты неде? ЖОО-ларда академиялық білгірлікті, тазалықты, адалдықты дәріптеу» «Мемлекеттік қызмет істері агенттігінің бастамасымен осы іс-шара өтіп отыр.»
Республикалық форумның негізгі бөлімі Астанада өтті. Оған өңір-өңірден өкілдіктер онлайн қатысты. Шымкенттіктер М. Әуезов университетінің акт залына жиналып, іс-шараға ZOOM арқылы қосылды. Екі панельдік сессияда жоғары, орта және техникалық білім беру ұйымдарында академиялық адалдықты қамтамасыз ету тетіктері, басқарушылық шешімдер және адалдық мәдениетін дамыту бағыттары талқыланды.
ЖАНАР ТОЙЛЫБАЕВА, №23 МЕКТЕП-ЛИЦЕЙІНІҢ ДИРЕКТОРЫ
– «Өз білімімен, өз еңбегіне сүйеніп адал маман тәрбиелейміз деген мақсатта жүріп жатырмыз» «Білім беру процесінде адалдық болса, әрбір шәкірт білімді өз еңбегіне сүйеніп адал алса, ол білім елдің дамуына қызмет етеді.»
Форум білім беру жүйесіндегі ашықтықты, сапаны және академиялық адалдық стандарттарын дамытуға бағытталған негізгі міндеттерді айқындады. Еліміздің барлық өңірінен жиналған қатысушыларды тоғыстырған жиын ұлттық деңгейдегі диалог алаңына айналды.
ЛӘЙЛА ДҮЙСЕБЕКОВА, Ж. АЙМАУЫТОВ КОЛЛЕДЖІНІҢ ОҚЫТУШЫСЫ
– «Форумға келген себебім — алары көп. Шәкірттермен бөлісер көптеген тың ақпараттарды ұғып алдым.»
Форумда спикерлер баяндама оқып, тақырыпты жан-жақты талдады. Академиялық адалдық мәселесін ұштау, идеяны әрмен қарай жетілдіру мүддесі сөз болды.