Тәуелсіздік мерекесі қарсаңында «Қара шаңырақ» қолөнер және халықтық өнер көрмесі өтті. Азаттық күніне орай ұйымдастырылған іс-шараға 20-дан аса қолөнер шебері қатысып, ұлттық мұраны дәріптеді. Мамандар келушілерге құрақ құрау, текемет басу, құмыра жасау тәсілдерін үйретіп, саланың қыр-сырымен таныстырды.

Жансая Орынбасарова – құмыра жасау шебері. Саз балшықты илеп, одан көзенің түр-түрін дайындайды. Білгенін ішке бүкпей, қызығушылық танытқандарға да үйретеді. Бүгін ол келушілерге шеберлік сағатын өткізіп, тәжірибесімен бөлісті.

ЖАНСАЯ ОРЫНБАСАРОВА, ҚҰМЫРА ЖАСАУ ШЕБЕРІ
– «Саз балшық үшке бөлінеді: қызыл, ақ және жасыл. Қазір біз мына құмыраға қыш болуы үшін қызыл саз балшықты қолданып отырмыз.»  «– Мұны кез келген адам игеріп кете ала ма сіздердің сүйемелдеулеріңізбен? – Иә, игеріп кете алады, шыдам керек.»

Көрмеге түрлі бағыттағы өнімдер қойылған. Аға буын жастарға әр экспонаттың қыр-сырын, мән-маңызын терең түсіндірді. Құрақ көрпе, киіз, текемет басу тәсілдерін көрсетіп, әр нақыштың астарына үңілді. Мағынасына мән беріп, тарихына тоқталды.

ГҮЛЖАН СҮГІРБАЕВА, ҚАЛАЛЫҚ ҚХА ЖАНЫНДАҒЫ АНАЛАР КЕҢЕСІНІҢ ТӨРАЙЫМЫ
– «Құрақ көрпе туралы біз көп айтамыз. Бірақ оның қай қолдан шығатынын, қалай жасалатынын білу мені қызықтырды. Өйткені ұстазымыз Өзбекәлі Жәнібеков осы тақырыпта көп жазған еді.»  «Көрсетілген өнер жастарға сабақ болады деген ойдамын. Бұл сабақтастық әрі қарай жалғаса берсін.»


Ұлттық көрменің діттегені – қазақ халқының дәстүрлі қолөнерін насихаттау, мәдени мұраны сақтап, оны ұрпақтан-ұрпаққа жеткізу және қазіргі заманға бейімдей отырып дамыту. Көрмеде шеберлер ұлттық бұйымдардың эстетикалық құндылығын дәріптеп, бай мазмұнын танытты.

НАТАЛЬЯ РОМАНОВА, ҚАЛАЛЫҚ ІШКІ САЯСАТ БАСҚАРМАСЫ «ҚОҒАМДЫҚ КЕЛІСІМ» КММ БАСШЫСЫНЫҢ ОРЫНБАСАРЫ
 «Біз шын мәнінде талантты өңірміз. Бізде ұлттық өнерді өлтірмей, ұрпақтан-ұрпаққа мұра етіп, дәріптеп келе жатқан еңбекқор, жасампаз шеберлер жеткілікті. Міне, бүгінгі көрме — соның жарқын дәлелі. Мұны ұйымдастырудағы басты мақсат – қазақ халқының мәдени бай мұрасын кеңінен таныстырып, қолөнер шеберлері жұмысына демеу көрсету.»

Көрме шеңберінде шеберлердің шығармашылық тәжірибесін көрсету, еңбегін елге дәріптеу, жаңа буынның ұлттық өнерге деген қызығушылығын арттыру мақсатында шеберлік сағаттары ұйымдастырылды. Мамандар келушілерге өз саласы жайында кең мағлұмат берді.