Елімізде электр самокат тізгіндеушілерге қатысты жаңа заң күшіне енді. Егер олар заңды бұзса, көлік жүргізушілерімен бірдей жауапқа тартылады. Талапқа сәйкес, ережені сақтамағандарға алдымен 2 айлық есептік көрсеткіш көлемінде айыппұл салынады. Заңбұзушылық бір жыл ішінде қайталанатын болса, айыппұл көлемі бес есеге артады.
Егер электрлі самокат тізгіндеуші жол апатына себепкер болып, жазатайым жайттан адам жарақат алса – 10 айлық есептік көрсеткіш мөлшерінде қаражат өтейді. Сондай-ақ, 3 тәулікке қамауға алынып, қоғамдық жұмысқа тартылуы мүмкін. Ал кикшеринг компаниялары самокатты басқаруға құқығы жоқ адамға жалға берсе – 108 125 теңге айыппұл төлейді.