Шымкенттік студенттер елордада өткен WorldSkills байқауынан жеңіспен оралды. Республикалық жарысқа еліміздің түрлі өңірінен 900-ге жуық шәкірт қатысқан. Жеңіл өнеркәсіп және сервис колледжінің білім алушылары көп ішінде дараланып, жүйрік танылды.


 Ғазиза Айдарханқызы - сән технологиялары бойынша байқаудың бас жүлдесін еншілеген. Жасынан киім пішіп, тігін тігумен айналысқан ол республикалық сайысқа ұзақ дайындалған. Қиялына қанат бітіп, сән үлгісінің түрлі нұсқаларын жасап шыққан. Есіл еңбегі еленіп, Астанада өткен жарыста бірінші орын иеленді.


 ҒАЗИЗА АЙДАРХАНҚЫЗЫ, WORLDSKILLS БАЙҚАУЫНЫҢ ЖЕҢІМПАЗЫ
 – Үшінші модуль ең маңызды кезең бізде – сырт киім тігу болды. 15 сағатта сызбасын сызып, тігіп, ойдағыдай аяқтадым.


Алтынай Мұхтарқызы да сандық модельдеу бағыты бойынша жеңімпаз атанды. Ол сандық алгоритмді тігін машинасына енгізіп, қажетті кескін жөнінде пәрмен жүктейді. Технология ол сілтеген бағыт бойынша матаға бедер түсіріп, пішін береді. Сандық жүйені жетік меңгерген студент берілген тапсырмаларды бұлжытпай орындаған.


 АЛТЫНАЙ МҰХТАРҚЫЗЫ, WORLDSKILLS БАЙҚАУЫНЫҢ ЖЕҢІМПАЗЫ
 – «Осы жарыс барысында 12 сағат ішінде барлық шарттарды ойдағыдай орындап, жеңімпаз атандық. Ата-анамызға, колледж ұжымына алғыс айтамыз.»


 Екі жеңімпаз да Жеңіл өнеркәсіп және сервис колледжінің студенттері. Білім ұйымында алған қабілеттерін республикалық деңгейде дәлелдеген олар колледж ұжымына алғыс айтады. Өйткені мұнда студенттерге теорияда алған білімін арнайы зертханалар мен шеберханаларда іс-тәжірибемен ұштауға мүмкіндік бар. Соның арқасында жас шәкірттер болашақ мамандығына машықтанып, оны жан-жақты меңгереді.


ГҮЛМИРА ТАҒАЕВА, ЖЕҢІЛ ӨНЕРКӘСІП ЖӘНЕ СЕРВИС КОЛЛЕДЖІНІҢ ДИРЕКТОРЫ
WorldSkills байқауы деп отырғанымыз – жұмысшы мамандықтардың шеберлігін растайтын чемпионат. 2015 жылдан бері ұйымдастырылып келеді. Қазақстанның барлық колледжі қатысады. Біздің колледж жыл сайын бірінші орын алып келеді.


 Алтынай мен Ғазиза бұған дейін Шымшаһарда өткен қалалық кезеңде де топ жарған болатын. Оған 11 колледждің 250-ге жуық студенті қатысқан еді. Меруерт Бекманова – қос жеңімпаздың жетекшісі. Білгенін ішке бүкпей шәкірттерін жеңіс тұғырына жетелеген ол: «Талаптыға бағыт беріп, жөн сілтеу – өмірлік ұстанымым», – дейді.


МЕРУЕРТ БЕКМАНОВА, ЖЕҢІМПАЗДАРДЫҢ ЖЕТЕКШІСІ
 – «Жалпы сайыс оңай болған жоқ. Төрт модульден тұрды.»


Жеңімпаздарды жанкүйерлер, туыстары және колледж ұжымы теміржол вокзалынан күтіп алып, құрмет көрсетті.