Түркістанда 192 жылдық тарихы бар көне хикметтер қолжазбасы табылды. Онда Қожа Ахмет Ясауидің 120 хикметі бар. Оның 39-ы бүгінге дейін еш жерде кездеспегені белгілі болды. Кітапты Сауран ауданының тұрғыны қарапайым ағаш сандықта сақтап келіпті. Содан соң Ясауитану ғылыми орталығының ғалымдарына табыстаған.
Сол кітаптардың бірі – 1544 жылы жазылған «Танбиһ әл-Ғафилин Фариси» еңбегі. Шығарманың авторы – Абдуссамад бин Сұлтан Ахмед. 151 беттен тұратын кітап араб және парсы тілдерінде жазылған. Жалпы, «Ясауитану» ғылыми орталығы 2025 жылы Президенттің тікелей тапсырмасымен «Әзірет Сұлтан» ұлттық тарихи-мәдени музей-қорығының базасында құрылған. Бүгінде Қожа Ахмет Ясауи зерттеулеріне байланысты орталықта 25 кітап, 30 «Диуани хикмет» және өзге де ғылыми дүниелер бар. Ал құнды жәдігерді табуға саурандық Еркін Сапаровтың бастамасы себеп болған. Бірнеше көне кітап Еркін ақсақалдың туысы Әлімжан Рамазанұлының шаңырағында бабалардан мұра болып сақталып келген. Мамандар қазір 17 қолжазба мен сирек кітаптарды алып отыр.
САЙПУЛЛА МОЛЛАҚАНАҒАТҰЛЫ, ЯСАУИТАНУ ҒЫЛЫМИ ОРТАЛЫҒЫНЫҢ БАСШЫСЫ
«Ясауидің хикметтер жинағы екендігі анықталып отыр. Кітаптың қағазы қалың әрі мұқабасында таңбасы бар. Қолжазба араб-парсы тілдерінде, шағатай дәстүріне сай жазылған. Жалпы саны 120 хикметтен тұратын қолжазбаның 39-ы бұрын-соңды кездеспеген.»