Шымкентте МӘМС шеңберінде ересектер мен балаларға медициналық оңалту көмегіне қолжетімділік артқан. Бүгінгі таңда кардиологиялық, неврологиялық, ортопедиялық және жалпы оңалту шаралары жақсарған. Травматологиялық, пульмонологиялық бағыттар бойынша 34 медициналық ұйым көмек көрсетеді. Емдеу мекемелері биыл 320 мыңнан астам оңалту шараларын көрсеткен. Салада атқарылған шаруалар келесі бейнематериалда.
Шымкентте медициналық оңалту қызметі 30-дан астам мекемеде қолжетімді. Сала қызметкерлерінің айтуынша, медициналық оңалту – міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру пакетіндегі ең көп сұранысқа ие қызмет. Айта кету керек, МӘМС енгізілгелі бері осы бағытты қаржыландыру жыл сайын өсіп келеді. Азаматтар ауыр жағдайда, мысалы инсульттан, жарақаттан, кардиохирургиялық операциялардан кейін, негізгі және созылмалы аурулардан емделу кезінде оңалтудан өте алады.
СӘУЛЕ ДҮЙСЕНБАЕВА, ӘЛЕУМЕТТІК МЕДИЦИНАЛЫҚ САҚТАНДЫРУ ҚОРЫ ШЫМКЕНТ ҚАЛАСЫ БОЙЫНША ФИЛИАЛЫНЫҢ ДИРЕКТОРЫ
Медициналық оңалту үлкен проблема болып келген. Себебі үлкен қаржы талап етеді. Кардио-, нейро-, хирургиялық оталардан кейін науқастар реабилитациялық көмек алмай келген. Науқас үш күннен алты айға дейін көмек алса, өмір сүру деңгейі өседі.
Бүгінде Шымкентте халық саны – 1 млн 239 мың. 1 млн 47 мың адам МӘМС аясында сақтандырылған. 232 мың адам сақтандырылмаған. Оларды саралай келе, жаңа заң бойынша дағдарыста жүрген азаматтарды мемлекет тарапынан сақтандыру көзделген.
АХМЕТ БЕДЕН, ӘЛЕУМЕТТІК МЕДИЦИНАЛЫҚ САҚТАНДЫРУ ҚОРЫ ШЫМКЕНТ ҚАЛАСЫ БОЙЫНША ФИЛИАЛЫНЫҢ БӨЛІМ БАСШЫСЫ
Е, Д категорияға бөлінген азаматтар бар. Дағдарыстағы азаматтар 55 362 болып тұр. Сол азаматтарға жаңа жылдан бастап қаражат төленетін болады.
Қор тарапынан медициналық қызмет сапасына тұрақты мониторинг жүргізілуде. Бүгінгі таңға 245 мыңнан астам ақау анықталып, медициналық ұйымдарға 1,1 млрд теңге көлемінде айыппұл салынған. Кемшіліктердің көпшілігі консультациялық-диагностикалық қызмет көрсету кезінде тіркелген. Сонымен қатар, жыл басынан бері қызмет сапасына қатысты 300-ден астам арыз-шағым түскен. Оның 148-і негізсіз болғандықтан, пациенттердің өздері тарапынан қайтарып алынған.