Түркістан қаласындағы «Балуан Шолақ» спорт кешенінде асық атудан 2010–2012 жылы туған жасөспірімдер арасында облыс біріншілігі басталды. Дәстүрлі ұлттық спортты дәріптеуге бағытталған дүбірлі додаға облыстың аудан-қалаларынан 18 команда, 200-ге жуық спортшы қатысуда.
Облыс біріншілігінің басты мақсаты – наурыз айында Семей қаласында өтетін Қазақстан Республикасының чемпионатына қатысатын облыс құрамасын іріктеу. Жас мергендер үшін бұл жарыстың жауапкершілігі зор. Себебі үздік шыққан спортшылар өңір намысын республикалық додада қорғайды.
ОРАЛХАН АЙДАРХАНҰЛЫ, ОБЛЫСТЫҚ АСЫҚ АТУ ФЕДЕРАЦИЯСЫНЫҢ ВИЦЕ-ПРЕЗИДЕНТІ
Бұл жарысқа 18 команда келді, 200-ге жуық спортшы қатысып жатыр. Мықтылығымен көзге түскен спортшыларды облыстық құрама сапына қабылдап, республикалық жарысқа апарамыз.
Екі күнге созылатын бәсекеде спортшылар мергендік, дәлдік және шапшаңдықтарын сынға салуда. Соның бірі – Нұрбақыт Құттыбай. Ол асық атумен 10 жасынан бері шұғылданып келеді.
НҰРБАҚЫТ ҚҰТТЫБАЙ, ҚАТЫСУШЫ
Бұл спорт түрімен 10 жасымнан бастап айналысамын. Алдағы уақытта чемпионаттарда топ жарып, асық спортының дамуына өзіндік үлесімді қосқым келеді.
Жарыстың салтанатты ашылу рәсімінде облыстық асық ату федерациясының өкілдері сөз сөйлеп, қатысушыларға сәттілік тіледі. Спикерлер ұлттық спорттың жас ұрпақ тәрбиесіндегі маңызын атап өтіп, жарысқа қатысушыларға әділ бәсеке мен жоғары нәтиже тіледі.