Түркістанда қала прокуратурасының ұйымдастыруымен “Прокурор клубы” мүшелерімен еркін форматта кездесу өткізілді. Іс-шараның негізгі мақсаты – жастардың пікірлері мен ұсыныстарын тыңдау, өзекті мәселелерді ашық форматта талқылау және құқықтық мәдениетті арттыруға үлес қосу болды.
Кездесу барысында қатысушылар құқық бұзушылықтың алдын алу, киберқауіпсіздік, білім беру ұйымдарындағы тәртіп пен қауіпсіздік мәселелері бойынша өз ойларын білдіріп, нақты ұсыныстарын жеткізді.
Қонақтар жастарға құқықтық мәдениетті қалыптастыру, заң үстемдігін сақтау және қоғамдағы қауіпсіздік шараларын дұрыс түсіндіру бағытында маңызды кеңестер айтты. Ашық диалог – заң үстемдігін қамтамасыз етудің, құқықтық мемлекет қағидаттарын нығайтудың және қоғамдағы сенім орнатудың маңызды тетігі болып табылады.
Кездесу қорытындысы бойынша қатысушылардың ұсыныстары прокуратура қызметінде қаралып, жастармен жұмыс жүргізу стратегиясына ескеріледі деп жоспарлануда. Мұндай іс-шаралар жастардың құқықтық білімін арттыруға, әлеуметтік белсенділігін дамытуға және қоғамдағы қауіпсіздік деңгейін көтеруге бағытталған тұрақты диалогтың бір бөлігі болып саналады.