Кентау қаласында зергерлік дүкенді тонады деген күдікпен ер адам ұсталды. Бұл туралы жергілікті тұрғын қалалық полиция бөліміне арызданған.


Қаскөй зергерлік шеберхана-дүкеннің есігін бұзып кіріп, алтын бұйымдарды ұрлап кеткен. Келтірілген шығын көлемі 9 миллион теңгені құрайды. Құқық қорғау қызметкерлері бейнебақылау камераларының жазбаларын және өзге де айғақтарды зерделеп, күдіктінің ізіне түсті. Жедел-іздестіру іс-шараларының нәтижесінде бұрын сотталған 43 жастағы жергілікті тұрғын ұсталды. Тінту барысында ұрланған ақшаның бір бөлігі мен басқа да заттай айғақтар тәркіленді.


САЯТ ШЕКЕРБЕКОВ, КРИМИНАЛДЫҚ ПОЛИЦИЯ БАСҚАРМАСЫНЫҢ БӨЛІМ БАСТЫҒЫ
Зергерлік бұйымдар дүкенінен құны 9 миллион теңге болатын алтын бұйымдарды ұрлады деген күдікпен 43 жастағы азамат ұсталды. Күдікті уақытша ұстау изоляторына қамалды. Қазіргі таңда сотқа дейінгі тергеу жүргізілуде. Аталған қылмысты тергеу барысында дүкенде дабыл белгісі қосылмағаны анықталды. Есік шыныдан жасалған, сыртында бейнебақылау камералары орнатылмаған. Сондай-ақ алтын бұйымдар арнайы сейфке салынбаған. Осындай қылмыстардың алдын алу үшін әрбір азамат өз мүлкін қауіпсіздік құралдарымен қамтамасыз етіп, сақтық шараларын қатаң ұстануы қажет.