Қала билігі тағы 30 азаматқа пәтер кілтін табыстады. Баспанға тұрғын үй кезігінде тұрған отан соғысы ардагеріне теңестірілген тұлғалар мен 1-2 топқа жататын ерекше жандар қол жеткізді. Сондай-ақ ерекше бала тәрбиелеп отырған ата-аналар мен толық емес отбасы мүшелері және ата-ана қамқорлығынсыз қалған балалар да үйлі болды.
Сара Тұтқабаева бұл сәтті 10 жыл күткен. Тұрғын үй кезегіне 2016 жылы тіркелген ол төрт баланың анасы. Осыған дейін пәтер жалдап, көшіп-қонудан әбден титықтаған. Арманы орындалып, бүгін ол қала әкімінің қолынан 3 бөлмелі пәтер кілтін алды.
САРА ТҰТҚАБАЕВА, ҚАЛА ТҰРҒЫНЫ
– «Асардан алып жатырмыз. 8-ші қабаттан. Қуаныштымын, қала әкіміне рақмет. Көп күттік, үмітіміз үзілді-ау дегенде үйлі болып жатырмыз. Әлі сенбей тұрмын кілтті алғанша»
Баспаналар жалдамалы негізде, сатып алу құқығымен беріліп отыр. Жауаптылардың айтуынша, 1-2 топқа жататын ерекше жандар, Семей полигонында зардап шеккендер мен Арал өңірінде тұрғандар, құқық қорғау органдарына 20 жылдан аса қызмет істегендер пәтерді өтемақысыз жекешелендіре алады. Ал қалған санаттағы азаматтар баспананы қалдық құнын төлеу арқылы сатып алады. Пәтерлердің ай сайынғы жалдау ақысы бөлме санына қарай шамамен 15-25 мың теңгені құрайды.
КӨПЖАН ТӨЛЕБАЕВ, ТҰРҒЫН ҮЙ БАСҚАРМАСЫ БАСШЫСЫНЫҢ МІНДЕТІН УАҚЫТША АТҚАРУШЫ
– «Пәтерлердің барлығы Асар-2, Тұран-2 шағын аудандарында орналасқан. Баспаналардың барлығы санитарлық талаптарға сай, таза, әрлеудегі пәтерлер.»
Көпжан Төлебаевтың айтуынша, биыл қала әкімдігі тұрғын үй кезегіндегі азаматтарға 1500 пәтер беруді жоспарлап отыр. Жыл басынан бері 485 тұрғынға кілт табыстап үлгерген. Шымкенттіктер, «бұл жүйелі жұмыс пен табанды еңбектің жемісі» деп ризашылық танытып жүр.