Көктем шығысымен шымкенттік шаруалар алқап жұмысына кірісіп кетеді. Сондықтан оларға жеңілдетілген бағада жанармай мен тыңайтқышпен қамту басты назарда. Биыл мегаполисте 21,1 мың га жерге дақылдар егу жоспарланған. Ауыл шаруашылығы саласында атқарылған жұмыстарды басқарма басшысының орынбасары БАҚ өкілдеріне баяндады.

 Былтыр ауыл шаруашылығының жалпы өнім көлемі 58,2 млрд теңгеге жетті. 2026 жылы бұл көрсеткішті 59,1 млрд теңгеге жеткізу көзделіп отыр. Биыл 6,4 мың га дәнді дақылдар, 3,0 мың га майлы дақылдар, 1,8 мың га көкөніс-бақша дақылдары және 10 мың гектарға жуық жерге мал азығы егу жоспарланған. Одан бөлек, қалада ірі төрт жоба жүзеге асырылуда.


 ЖӘНІБЕК ТОҒАЙ, АУЫЛ ШАРУАШЫЛЫҒЫ ЖӘНЕ ВЕТЕРИНАРИЯ БАСҚАРМАСЫ БАСШЫСЫНЫҢ ОРЫНБАСАРЫ
Республикалық бюджеттен жобаға 4,5 млрд теңге бөлініп, 4 жобаның 1-еуі іске асырылды («НМИ-ЮГ» ЖШС), 2 жобаның құрылысы жүргізілуде («Нур-Алем» ЖШС, «Эгамназаров» ЖК).

АЗЫҚ-ТҮЛІК БАҒАСЫ БАҚЫЛАУДА

Елімізде әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарларының тізбесі қайта бекітіліп, 19-дан 31-ге дейін ұлғайтылды. Тұрақтандыру қорының айналым механизмі аясында ірі сауда желілерімен және тауар өндіруші кәсіпорындармен келісімшарттар түзілген. 90-ға жуық сауда орнында әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарлары белгіленген бағада сатылуда.


ЖӘНІБЕК ТОҒАЙ, АУЫЛ ШАРУАШЫЛЫҒЫ ЖӘНЕ ВЕТЕРИНАРИЯ БАСҚАРМАСЫ БАСШЫСЫНЫҢ ОРЫНБАСАРЫ
Әлеуметтік сауда нүктелерінің санын ұлғайту мақсатында халық тығыз орналасқан аймақтарда «Бақша» атты 16 әлеуметтік павильон іске қосылып, олардың санын көбейту бойынша жұмыстар жүргізілуде.

ЖАНУАРЛАРҒА 1,19 МЛН ДОЗА ВАКЦИНА ЕГІЛДІ

Өткен жылы 10 түрлі жұқпалы ауруға қарсы ауыл шаруашылығы жануарларына 1 190 162 доза вакцина егілді. 6 түрлі ауруға қарсы 227 776 бастан қан сынамасы алынып, диагностикалық зерттеу іс-шаралары жүргізілді. Қала аумағында жүргізілген ветеринариялық іс-шаралардың нәтижесінде қауіпті аурулардың таралуы тіркелмеген.