Сотталғандар оқушылармен кездесіп, қылмыстың өтеуі – жаза екенін түсіндірді. Бір сәттік ыза, жылдам байып кетуге деген құмарлық, есірткіге әуестік оларды темір торға тоғытқан. Прокурордың айтуынша, 2024 жылмен салыстырғанда 2025 жылы жасөспірімдер жасаған қылмыс екі есеге артқан. Осыған байланысты жауапты мамандар 500-ге жуық оқушыны бір алаңға жинап, құқық бұзушылықтың салдары мен жауапкершілігін түсіндірді.
НҰРЛЫБЕК ӘЛІБЕКҰЛЫ, ШЫМКЕНТ ҚАЛАСЫ ЖӘНЕ ТҮРКІСТАН ОБЛЫСЫ БОЙЫНША ҚАЖ ДЕПАРТАМЕНТІ БАСТЫҒЫНЫҢ ОРЫНБАСАРЫ
Көп жағдайда сотталғандар «Бұл соншалықты ауыр қылмыс екенін ойламадым. Бір рет істеп тоқтаймын деп ойладым. Тек ақша табу үшін келістім» деп ақталады. Алайда заң «білмедім» деген уәжді қабылдамайды.
Полицейдің айтуынша, қылмыскерлер көбіне жасөспірімдерді теріс жолға тартуға тырысады. Себебі олар сенгіш, иланғыш және жауапкершіліктің салмағын толық түсіне бермейді. Кез келген нәрсеге қызығып, оңай олжаға құмартады. Жиын барысында жазасын өтеушілер оқушылармен тікелей байланысқа шығып, бастан өткен оқиғаларын айтты. Жіберген қателіктерін қайталамауға шақырды. Мамандар да баяндама жасап, әр құқық бұзушылықтың салдары болатынын түсіндірді.
СӘРСЕН ҚҰРАНБЕК, ҚАЛА ӘКІМІНІҢ ОРЫНБАСАРЫ
Өзіңізге жамандық тілемесеңіз, өзгеге де жасамаңыз. Ешкім ешкімнен артық емес. Барлық адам тең. Әділетті қоғам құру үшін әрқайсымыз соған лайық болуымыз керек.
СЕРІК ХОЖАЕВ, ҚАЛАЛЫҚ МАМАНДАНДЫРЫЛҒАН ПРОКУРАТУРА ПРОКУРОРЫ
Бұл – жастармен ашық әрі еркін пікір алмасуға мүмкіндік беретін алаң. Негізгі мақсатымыз – жасөспірімдерге заңның мәнін түсіндіру және әр әрекеттің салдары болатынын ұғындыру.
Оқушылар құқық қорғау органдарының өкілдері мен қала басшылығына сауал жолдап, көкейдегі сұрақтарына жауап алды. Белсенділік танытып, өз пікірлерін ортаға салды.
ӘЛИ АБДАНБЕК, ОҚУШЫ
Жігіт болған соң түрлі жағдайлар болады. Келіспеушіліктер де кездеседі. Бірақ бірден жұдырық ала жүгірген дұрыс емес. Кез келген мәселені байыппен, келісім арқылы шешуге болады деп ойлаймын.