Түркістан қаласында Жаңа Конституцияны қолдау мақсатында ауқымды әрі мазмұнды іс-шара өтті. Қаланың басты туристік орталықтарының бірі – Керуен сарай кешені аумағындағы тұрғын үйдің қасбетіне кәсіпкерлердің жеке қаражаты есебінен арнайы Конституциялық мурал салынды.


Жаңа мурал – еліміздегі саяси жаңғыру үдерістерінің, әділетті қоғам құру жолындағы батыл қадамдардың көркем бейнесі. Онда Конституциялық реформаның мәні, халық еркі мен бірлігінің маңызы, заң үстемдігі мен азаматтық жауапкершілік идеялары заманауи көркемдік тәсілдер арқылы айшықталған.


Бұл бастама – мемлекеттік қолдаумен ғана емес, азаматтық қоғам мен кәсіпкерлік қауымдастықтың белсенді атсалысуымен жүзеге асқан игі іс. Кәсіпкерлердің әлеуметтік жауапкершілігі мен ел болашағына деген жанашырлығының нақты көрінісі ретінде бұл жоба қоғам тарапынан жоғары бағаланды.


Муралдың ашылуына орай жастар өкілдерінің қатысуымен арнайы флешмоб ұйымдастырылды. Іс-шара барысында қатысушылар Конституциялық реформаны қолдайтын ұрандар айтып, көк аспанға референдум тақырыбындағы әуе шарларын ұшырды. Бұл символикалық әрекет – елдің жарқын болашағына деген сенім мен ортақ жауапкершіліктің белгісі болды.