Еліміздің анимация саласында тағы бір жарқын жоба көрерменге жол тартады. Сақ киностудиясы «Алан туралы аңыз» атты жаңа туындыны көпшіліктің назарына ұсынды. Анимациялық фильм жас ұрпақты отанды сүюге үндейді, батылдыққа баулиды және достықтың қадірін ұғындырады.
Шығарма желісінде Алан есімді ақ барыстың бастан кешкен шытырман оқиғалары баяндалады. Кейіпкердің ерлігі мен қайсарлығы, туған жерге деген сүйіспеншілігі арқылы ұлттық құндылықтар кеңінен насихатталады. Әр кадры терең мазмұнмен өрілген фильм балалардың ғана емес, ересек көрерменнің де жүрегіне жол табады, – дейді сценарий авторы.
БАТЫРХАН ДӘУРЕНБЕКОВ, СЦЕНАРИЙ АВТОРЫ
Барыс – Алматының символы. Оқиғада Алан есімді ақ барыс өзінің туған қаласын қорғап, ерлік көрсетеді. Аланның достары туралы да көрсетеміз. Өзге елдерде де көрсету ойымызда бар. Қазір продюсеріміз Түркия елімен байланыс орнатуды жоспарлап отыр. Олар анимациялық фильмнің сапасын көрді.
Сақ киностудиясы ауқымды жобаны жасауға екі жылға жуық уақыт жұмсапты. Заманауи технологиялар мен шығармашылық ізденістің нәтижесінде дүниеге келген туындының көркемдік сапасы мен тәрбиелік мәні жоғары.
НУРИДДИН ПАТТЕЕВ, «САҚ» КИНОСТУДИЯСЫНЫҢ ДИРЕКТОРЫ
Бұл фильм әлемдік деңгейде жасалған. ҚР Мәдениет және ақпарат министрлігінің тапсырысы бойынша жасалды. Туындыны жасауға екі жыл уақыт кетті. Көрерменге сапалы дүние ұсынамыз деп ойлаймын.
Тағылымы терең туынды алдағы уақытта шетелдік аудиторияға да жол тартады. Анимациялық фильмді Түркия елінде көрсету жоспарланып отыр.