Биыл Түркістан облысы бойынша ауыл шаруашылығы дақылдарының егіс көлемі ұлғайтылды. Жалпы алқап көлемін 919 мың гектарға жеткізу жоспарланып отыр. Оның 536 мың гектарына жаздық дақылдар, 208 мың гектарына күздік дақылдар, 175 мың гектарына көпжылдық жоңышқа егіледі.
Қазіргі таңда облыс бойынша жер жырту жұмыстарының 82 пайызы, сор шаю жұмыстарының 52 пайызы орындалды. Оңтүстік аудандарда ерте пісетін көкөніс пен картоп дақылдарын егу қарқынды жүргізілуде. Жоспарланған 18,2 мың гектар ерте пісетін көкөніс дақылдарының 7 мың гектарына көшет отырғызылды. Бұл шаралар ішкі нарықты ерте маусымда отандық өніммен қамтуға мүмкіндік береді.
ФАЙЗУЛЛА БАЙДУЛЛАЕВ, ОБЛЫСТЫҚ АУЫЛ ШАРУАШЫЛЫҒЫ БАСҚАРМАСЫНЫҢ БАСШЫСЫ
Егіс құрылымына сәйкес мақта алқабы 17 мың гектарға, жүгері 15 мың гектарға, мақсары 16 мың гектарға ұлғайтылады. Су шығынын азайту мақсатында күріш алқабы 7 мың гектарға қысқартылады. Ауыспалы егіс талаптарына сәйкес бидай көлемі 25 мың гектарға азайтылды. Көктемгі дала жұмыстарына 52,5 мың тонна жеңілдетілген дизель отыны бөлінді. Айлар бойынша нақты көлемдер белгіленіп, өңірлік операторлар анықталды. Қазіргі уақытта тиісті министрліктер тарапынан жанармайдың босату бағасы бекітілуде. Баға бекітілгеннен кейін бес күн ішінде шаруаларға жеткізу жұмыстары басталады.
Көктемгі дала жұмыстарының барысы Түркістан облысы әкімі Нұралхан Көшеровтің төрағалығымен өткен мәжілісте кеңінен талқыланды. Өңір басшысы жауапты басқарма басшылары мен аудан, қала әкімдеріне дала жұмыстарын сапалы үйлестіруді тапсырды. Мәселенің бақылауда екенін атап өтті.
НҰРАЛХАН КӨШЕРОВ, ТҮРКІСТАН ОБЛЫСЫНЫҢ ӘКІМІ
Ауыл шаруашылығы бойынша бекітілген индикаторлар уақтылы әрі сапалы орындалуға тиіс. Жұмыс жоспары мен мемлекеттік қолдау бар, енді белгіленген міндеттерді қарқынды жүзеге асыру қажет. Диқандарға берілетін жеңілдіктер мен қолдау шараларын түсіндіру жұмыстарын жүргізіңіздер. Қаржы институттары дала жұмыстарына бөлінген қаражатты талапқа сай үйлестіріп, шаруаларды қолдауы тиіс. Сор шаю жұмыстары уақтылы атқарылсын. Су үнемдеу технологияларын енгізу жұмыстарын жоспарға сәйкес мерзімінде жүргізуді тапсырамын.
Облыста көктемгі дала жұмыстарына 37,4 мың бірлік техника дайын. Биыл 2029 техника сатып алу жоспарланып отыр. Ауыл шаруашылығы дақылдарын сумен қамтамасыз ету үшін 3,8 миллиард текше метр су лимиті бекітілді. Су үнемдеу технологияларын енгізу бойынша республикалық жоспар 27 мың гектарды құраса, облыс мүмкіндігін ескере отырып, бұл көрсеткішті 50 мың гектарға дейін жеткізу көзделуде.