Қала әкімі Ғабит Сыздықбеков Бәйдібек би даңғылы мен Төлеметов көшесінің қиылысында салынып жатқан жолайрық құрылысымен танысты. Жоба көлік кептелісін азайтуға, жол қауіпсіздігін арттыруға және тұрғындар мен көлік қозғалысы үшін тиімді инфрақұрылым қалыптастыруға бағытталған.
Қала әкімі Жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары басқармасына құрылыс жұмыстарының мерзімі мен сапасын қатаң бақылауда ұстауды және құрылыс-монтаждау кезеңінде жол қозғалысы қауіпсіздігін қамтамасыз етуді тапсырды. Бұдан бөлек, Сайрам көмекші мектеп-интернат колледжіне арналған 300 орындық жатақхананың құрылысын да тексерді. Жаңа нысан тәрбиеленушілердің жайлы тұруына және сапалы білім алуына қолайлы жағдай жасауға мүмкіндік береді. Сонымен қатар Ө. Жәнібеков атындағы №19 жалпы орта білім беретін мектептің қосымша ғимаратының құрылысымен танысты. Қазіргі таңда құрылыс аяқталуға жақын. Нысан пайдалануға берілгеннен кейін қосымша 325 оқушы орны ашылады. Бұл оқу үдерісін тиімді ұйымдастыруға ықпал етеді. Құрылыс басқармасына нысандардың заманауи сапа мен қауіпсіздік талаптарына толық сәйкестігін қамтамасыз ету және жұмысты белгіленген мерзімде аяқтау міндеті қойылды.