Қала әкімі Бельгия Корольдігінің Құрметті консулдығының ресми ашылу салтанатына қатысты. Жаңа дипломатиялық өкілдік Шымкент қаласында, сондай-ақ Түркістан, Қызылорда және Жамбыл облыстарында Бельгия Корольдігінің мүддесін қорғайды.
Бұл қадам – екі ел арасындағы достық пен ынтымақтастықты одан әрі нығайтуға бағытталған маңызды бастама. Шымкент – Қазақстандағы үш ірі мегаполистің бірі, өндірістік, инвестициялық және логистикалық әлеуеті жоғары қала. Қазіргі таңда қалада Франция, Түркия, Венгрия, Хорватия, Литва және Қырғызстанның Құрметті консулдықтары табысты жұмыс істеп келеді. Бұл – өңірімізге деген халықаралық сенімнің жоғары деңгейін айқын көрсетеді. Қазақстан Республикасындағы Бельгия Корольдігінің Төтенше және Өкілетті Елшісі Эрик Де Майер мырзаға өңірімізде өкілдік ашу туралы қабылданған шешім үшін қала әкімі ризашылығын білдірді. Бұл – өзара сенім мен серіктестікті нығайтуға деген ортақ мүдденің айғағы. Құрметті консулдықтың қызметі сауда-экономикалық ынтымақтастықты кеңейтуге, инвестиция тартуға және іскерлік байланыстарды дамытуға тың серпін беретініне сенім мол.