Түркістанда «Қаржылық қауіпсіздік: цифрландыру және жасанды интеллект дәуірінде» атты ауқымды форум өтті. Іс-шараға облыс әкімі Нұралхан Көшеров арнайы қатысып, қаржылық қауіпсіздікті қамтамасыз етуде цифрлық технологиялар мен жасанды интеллекттің маңызына тоқталды.

Өңір басшысы өз сөзінде жаһандық цифрлық трансформация жағдайында экономикалық тұрақтылық пен қаржылық қауіпсіздікті сақтау – мемлекеттік саясаттың басым бағыты екенін атап өтті. Жас ІТ мамандарына сәттілік тілеп, өнімді жұмыс істейтіндеріне сенім білдірді.  

НҰРАЛХАН КӨШЕРОВ, ТҮРКІСТАН ОБЛЫСЫНЫҢ ӘКІМІ
 -  «Ата заңымыздың жобасында алғаш рет цифрландыру мәселелері мен азаматтардың  цифрлық құқықтарын қорғауға ерекше басымдық берілген. Конституциямызға «цифрлық егемендік» және «жеке деректерді қорғаудың жаңа кепілдіктері» туралы нормалардың енгізілуі – заман талабы.»

Пленарлық отырысқа Қаржылық мониторинг агенттігінің ресми өкілі Ернар Тайжан модераторлық етті. Түркістан облысының прокуроры Мұрат Тлеубердиев қаржылық құқықбұзушылықтардың алдын алу, заңдылықты сақтау және ведомствоаралық өзара іс-қимылды күшейту мәселелерін қозғады.

 Ұлттық қауіпсіздік комитетінің Түркістан облысы бойынша департаментінің бастығы Болат Қалмұрзаев,  Түркістан облысы бойынша Экономикалық тергеп-тексеру департаментінің басшысы Ерболат  Балғабаев та көтеріліп отырған  мәселелердің маңызына тоқталды. Облыстық полиция департаментінің бастығы Арыстанғани Заппаров цифрлық қылмыстармен күрес тетіктері мен киберқауіпсіздікті арттыру шаралары жөнінде баяндады. Іс-шара мемлекеттік органдар, сарапшылар және ІТ-сала өкілдері арасындағы ашық диалог алаңына айналып, қаржылық қауіпсіздікті нығайту жолындағы өзекті бастамаларды пысықтауға мүмкіндік берді.