Қоғамдық кеңестің кезекті отырысы өтті. Жиында Абай ауданының әкімі есеп беріп, атқарылған жұмыстардың барысын баяндады. Бұдан бөлек, табиғи монополияларды реттеу департаментінің басшысы, Спорт басқармасының жетекшісі мен Кәсіпкерлік және индустриялық-инновациялық даму басқармасы басшыларының да есептері тыңдалды.


Алғаш болып сөз алған Абай ауданының әкімі Шәкір Сұлтанхан ауданның әлеуметтік-экономикалық даму көрсеткіштеріне тоқталды. Аудан халқы 100 пайыз ауыз сумен, электр жарығымен және табиғи газбен қамтылғанын айтты. Дегенмен, жаңа құрылыс аумақтарында бірқатар мәселелер барын да жасырмады. Атап айтқанда, Жиделі шағын ауданында – 15 үй, Ақжайық шағын ауданында – 30 үй, Нұршуақ шағын ауданында – 200 үй табиғи газ жүйесіне қосылмаған.


 ШӘКІР СҰЛТАНХАН, АБАЙ АУДАНЫНЫҢ ӘКІМІ
– «Бүгінде аталған аумақтарды газға қосу бойынша жобалау-сметалық құжаттар әзірленуде. Әзірленгеннен кейін қажетті қаржы бюджетке ұсынылатын болады.»


Аудан аумағында 1274 көше бар. Олардың жалпы ұзындығы 1080 шақырымды құрайды. Бүгінде 1192 көше асфальтталған. Қала әкімінің тапсырмасына сәйкес, былтыр аудандағы 474 көшеге асфальт төселіп, нәтижесінде асфальтталған көшелердің үлесі 66 пайыздан 95,2 пайызға жеткен.


 ШӘКІР СҰЛТАНХАН, АБАЙ АУДАНЫНЫҢ ӘКІМІ
– «Алайда ауа райының қолайсыздығына байланысты және кейбір жаңа құрылыс аймақтарындағы шағын аудандарда тұрғындар саны аз болуына байланысты 82 көшеге асфальт төселмеді. Биыл бұл көрсеткіш 100 пайызға жеткізілетін болады.»


 Жиында табиғи монополия субъектілерінің тарифтері мен тарифтерді ұстап тұру шаралары туралы да баяндама жасалды. Табиғи монополияларды реттеу комитетінің Шымкент қаласы бойынша департаментінің басшысы Кенжеболат Көшекбаев кеңес мүшелері тарапынан қойылған сауалдарға жауап берді.


 КЕНЖЕБОЛАТ КӨШЕКБАЕВ, ТАБИҒИ МОНОПОЛИЯЛАРДЫ РЕТТЕУ КОМИТЕТІ ДЕПАРТАМЕНТІНІҢ БАСШЫСЫ
 – «2025 жылы қолда бар активтерді кеңейтуге, жаңғыртуға инвестициялық бағдарламалар бекітілді. Қызметкерлердің жалақысын өсіру бойынша да жұмыстар жүргізілді.»


Сондай-ақ, Дене шынықтыру және спорт басқармасы басшысының міндетін атқарушы Қанат Жолдықараев пен Кәсіпкерлік және индустриялық-инновациялық даму басқармасының басшысы Біржан Әзімбердиевтің есептері тыңдалып, алдағы жоспарлар талқыланды. Жиын қорытындысы бойынша Қоғамдық кеңес мүшелері бірқатар ұсыныстарын білдірді.