Сауран ауданына қарасты Қарашық, Майдантал, Жаңа Иқан, Жібек жолы, Иассы ауылдық округтеріне учаскелік полиция пункттері қажет. Сондай-ақ Шорнақ ауылындағы учаскелік полиция пункті тозығы жеткен. Бұл туралы аудандық полиция бөлімі бастығының есеп беру жиынында айтылды.


 Өткен жылдармен салыстырғанда Сауранда қылмыс едәуір төмендеген. Мамандар отбасылық кикілжіңдердің қатары 25 пайызға азайғанын айтып отыр. Отбасылық-тұрмыстық қылмыстардың алдын алу мақсатында құқықбұзушылық жасағандарға қатысты 82 қорғау нұсқамасы шығарылып, 15 тұлғаның мінез-құлқына сотпен ерекше талап белгіленген.


Кәмелетке толмағандармен жасалған қылмыстар 43 пайызға төмендеген. Жасөспірімдерге қатысты жасалған қылмыстар 40 пайызға азайып, құқық қорғаушылар жергілікті тұрғындардың алғысын алып отыр.


Ауданда полиция қызметкерлері мен халық арасындағы байланыс нығайған. Жиі өткізілетін профилактикалық жұмыстар да оң нәтижесін беріп келеді. Сауран ауданы полиция бөлімінің өзіне жүктелген міндеттерін тиісті түрде атқаруы үшін материалдық базасының толықтығы мен штат санының жеткілікті болуы мәселесі де көтерілді.