Шымкент қаласында жолаушылар тасымалының сапасын арттыру жұмыстары кезең-кезеңімен жүргізілуде. Басты мақсат – тұрғындарға қауіпсіз, қолайлы әрі заманауи қызмет ұсыну. Осыған орай №42 және №70 бағыттарға «Yutong» маркалы жаңа автобустар жолға шықты. Резервтік құрамды қоса есептегенде, жаңа қоғамдық көліктердің жалпы саны – 30 автобус.


Жолаушылар сыйымдылығы 65–85 адамға дейін жететін автобустар метан газымен жұмыс істейді. Техникалық сипаттамалары халықаралық стандарттарға толық сәйкес келеді. Қазақстанда құрастырылған жаңа көліктер желдету жүйесімен, электронды бағыт көрсеткіштерімен, GPS бақылау жүйесімен, алты бейнебақылау камерасымен, сондай-ақ мүмкіндігі шектеулі жандарға арналған механикалық пандуспен жабдықталған. Бұдан бөлек, жүргізуші орны арнайы қоршаумен бөлінген. Қайтпас шағынауданы – Теміржол вокзалы бағытындағы №42 бағытта 12 автобус қызмет көрсетеді. Ал Қайнарбұлақ шағынауданынан «Гипер Хаус» сауда орталығына дейін қатынайтын №70 бағытта 14 автобус жолаушыларға қызмет етеді. Қала әкімдігі тарапынан саладағы бәсекелестікті арттыруға, жаңа тасымалдаушы компанияларды тартуға және қызмет сапасын жүйелі түрде жақсартуға бағытталған кешенді іс-шаралар жүзеге асырылуда. Бұл шаралар жолаушылардың құқықтары мен қауіпсіздігін қамтамасыз етуге, сондай-ақ қоғамдық көлік инфрақұрылымын халықаралық талаптарға сәйкестендіруге мүмкіндік береді.