Шымкентте еліміздегі алғашқы авиациялық-техникалық орталықтың құрылысы басталды. Капсула салу рәсіміне қала әкімі Ғабит Сыздықбеков пен ҚР көлік вице-министрі Талғат Ластаев арнайы қатысты. Жаңа кешенде әуе кемелеріне толық көлемде техникалық қызмет көрсетіледі.
Үшінші мегаполисте бой көтеретін авиациялық-техникалық кешен 10 гектар аумақты қамтиды. Инженерлік инфрақұрылымның жалпы ауданы 45 мың шаршы метрді құрайды. Ангар маңында 6 гектардан астам аумақты қамтитын әуе кемелерінің арнайы тұрақ аймағы қарастырылған. Бұл бірнеше ұшақты бір мезгілде қабылдап, техникалық қызмет көрсетуге мүмкіндік береді. Жаңа жобаны «SCAT» әуе компаниясы жүзеге асырып отыр.
ҒАБИТ СЫЗДЫҚБЕКОВ, ШЫМКЕНТ ҚАЛАСЫНЫҢ ӘКІМІ
Президентіміз АҚШ сапары барысында авиациялық компаниялармен кездесіп, арнайы келіссөз жүргізген болатын. Соның аясында бұл нысан бой көтеріп отыр. Көптеген логистикалық орталықтар ашылады. «Оңтүстік» арнайы экономикалық аймағының филиалын аштық. Жоба алдағы уақытта да дамитын болады.
Авиациялық-техникалық орталықтың іске қосылуы өңірдің инвестициялық тартымдылығын арттырып қана қоймай, жаңа жұмыс орындарының ашылуына да жол ашады. Сарапшылардың пікірінше, бұл жоба Шымкентті Орталық Азиядағы ірі авиациялық сервистік орталықтардың біріне айналдыруға сеп болады.
ТАЛҒАТ ЛАСТАЕВ, ҚР КӨЛІК ВИЦЕ-МИНИСТРІ
Шымкент қаласы авиа-хабқа айналды. Жаңа терминал құрылысы бітті, әр елге рейс ашылып жатыр. Жаңа техникалық кешеннің құрылысы басталып жатыр. Атқарылған жұмыстың бәрі де авиациялық жобаларды жүзеге асыруға бағытталады.
Сондай-ақ, қазіргі таңда әуежай аумағында екінші ұшу-қону жолағының құрылысы жүргізілуде. Жаңа жолақ әуе кемелерін күрделі метеорологиялық жағдайда да қабылдауға мүмкіндік береді.
ВЛАДИМИР ДЕНИСОВ, «SCAT» ӘУЕ КОМПАНИЯСЫНЫҢ ПРЕЗИДЕНТІ
Біз бүгін Боинг компаниясымен қосымша бес Boeing 787-9 ұшағын жеткізу жөнінде жаңа келісімшартқа қол қойдық. Нәтижесінде, алдағы жылдары біздің әуе паркіміз тағы 12 ұшақпен толықтырылады. Және жақында келетін барлық ұшақтар бизнес-класс орындықтарымен жабдықталған болады.
Айта кетейік, аталған жоба Президенттің АҚШ-қа сапары кезінде жасаған авиациялық келісімдер аясында жүзеге асырылып отыр. Жаңа кешен саладағы мүмкіндікті кеңейтіп, жүк және жолаушы тасымалы көлемін ұлғайтуға тың серпін бермек.