Әскерилер 102 жастағы соғыс ардагеріне құрмет көрсетті. 1 наурыз - Алғыс айту күніне орай әскери қызметшілер Отан соғысының ардагері Калмен Муратовтың шаңырағына барып, қарияға ізгі тілектерін жеткізді.


Ардагердің үйінде Түркістан облысы Ордабасы ауданының қорғаныс істері жөніндегі бөлімінің бастығы, подполковник Бақдәулет Ташпулатов Қазақстан Республикасының Қорғаныс министрі, авиация генерал-лейтенанты Дәурен Қосановтың атынан құттықтау хатын табыс етті.


1942 жылы Калмен Муратов Аягөз қаласындағы кіші командирлерді даярлау курсына жіберілді. Оқу бітірген соң «сержант» әскери атағын алды. 1944 жылы Витебск түбіндегі ұрыста жараланып, II топтағы мүгедек ретінде елге оралды. «Отан соғысындағы Германияны жеңгені үшін» медалімен және бірқатар мерейтойлық наградалармен марапатталған.


Алғыс айту күні - халықтың бірлігі мен өзара құрметін айқындайтын мереке. Ардагер көрсетілген құрмет пен қамқорлық үшін әскерилерге алғыс айтып, тәуелсіз Қазақстанға бейбітшілік, тұрақтылық және өсіп-өркендеу тіледі.