1 наурыз – Алғыс айту күні. Осы орайда «Мың алғыс саған, туған ел!» тақырыбында мерекелік іс-шара өтті. Жиынға арнайы қатысқан қала әкімінің орынбасары Сәрсен Абайұлы шымкенттіктерді көктемнің алғашқы күнімен құттықтады.
Алғыс айту күнінде Достық үйі алдына зиялы қауым мүшелері, этномәдени бірлестіктер белсенділері, білім, денсаулық сақтау, мәдениет, спорт салаларының қызметкерлері және студенттер жиналды. Көктемнің алғашқы күнінде жұртшылық бір-біріне шынайы алғыстарын білдірді. Жиынға арнайы қатысқан қала әкімінің орынбасары Сәрсен Құранбек Алғыс айту күнінің маңыздылығына тоқталып, тұрғындарды мерекемен құттықтады.
СӘРСЕН ҚҰРАНБЕК, ҚАЛА ӘКІМІНІҢ ОРЫНБАСАРЫ
Бүгінгі күн ерекше күн. Барлық адамдардың бір-біріне Алғыс айту күні. Жаратушымызға, ата-анаға, бауырларға, ұстаздарға, достарға, ағайынға осы татулығымызға, бірлігіміз үшін үлкен алғыс айтатын күн…
Мерекелік жиында қоғам игілігі жолында адал еңбек етіп жүрген әрбір жанның еңбегі құрметке бөленді. Ардагер, ұстаз, медбике, спортшы, полиция қызметкері, тазалықшы сынды түрлі сала өкілдеріне «Алғыс қоржыны» сыйға тартылды.
ЕРАСЫЛ АНАРХАНҰЛЫ, БЕЛСЕНДІ ЖАС
Бүгінгі күн өте ерекше, өзге мерекелерге қарағанда маңызы өте зор. Себебі Алғыс айту күні – бұл адамға деген өзіңнің жылулығыңды білдіру…
Сондай-ақ, іс-шарада еліміздегі тұрақтылық пен бірліктің берік негізі - жаңа Конституция қағидаттары сөз болды. Сондықтан алғыс айту - өзара құрмет пен сенімге құрылған құқықтық мемлекет құндылықтарын дәріптеу екені айтылды. Жиын концерттік бағдарламамен жалғасып, тұрғындарға көтеріңкі көңіл-күй сыйлады.