8 наурыз – Халықаралық әйелдер күніне орай қалалық мемлекеттік архивте «Әлем мойындаған қазақ қызы» атты тағылымды кеш ұйымдастырылды. Іс-шараның басты кейіпкері – Қазақстан көркем гимнастикасының шоқжұлдызы, Олимпиада ойындарының бірнеше дүркін қатысушысы Әлия Юсупова. Мегаполистегі тағылымды кеш жайлы тілші баяндайды.
Мерекелік кешке жиналған қауым ел мақтанышына айналған спортшыны ерекше ықыласпен қарсы алды. Спортшының шәкірттері гимнастика өнерін паш етіп, мерекелік көңіл күй сыйлады. Әлия Юсупова архив қорымен танысып, өзіне арналған арнайы бұрышты тамашалады. Құнды құжаттарды көрген спортшы әсерін жасырмады.
ӘЛИЯ ЮСУПОВА, ГИМНАСТИКАДАН ҚР ФЕДЕРАЦИЯСЫНЫҢ ПРЕЗИДЕНТІ
«Керемет сезім, керемет эмоция. Менің қаламда менің шәкірттерім бар. Олардың көбі менің жетістіктерімді толық біле бермейді. Архивке келіп, көріп, тамашалай алады. Жалғыз менің емес, көптеген спортшылардың құжаттарымен танысуға мүмкіндік бар».
Тағылымды кешке қаладағы жоғары оқу орындарының студенттері де қатысты. Олар ел спортының дамуына зор үлес қосқан спортшының өмір жолы мен жетістіктері туралы тың деректермен танысты. Бұл – тек бір спортшының ғана емес, тұтас ел спортының табысын айғақтайтын құнды мұра.
АЙПАР АМАНГЕЛДИЕВА, ҚАЛАЛЫҚ МЕМЛЕКЕТТІК АРХИВ БАСШЫСЫ
«Қаламыздың дамуына үлес қосқан, еңбек жолымен дараланған азаматтардың құжаттары комиссия сараптамасынан өтіп, архивке қабылданады. Мемлекеттің дамуына кімдердің үлес қосқанын айқындайтын осы құжаттар болашаққа мұра болып сақталады».
Әлия Юсупова – Қазақстан Республикасының он мәрте чемпионы, көркем гимнастикадан халықаралық турнирлердің жеңімпазы әрі жүлдегері. Ол Әлем кубогының және XIV Азия ойындарының күміс жүлдегері атанды. 2006 және 2009 жылдары Азия чемпионатында, сондай-ақ 2006 жылғы Азия ойындарында абсолютті чемпион болды. Спортшы 2000 жылы Сиднейде өткен Олимпиада ойындарына, 2004 жылы Афины Олимпиадасына және 2008 жылы Бейжің Олимпиадасына қатысып, жоғары нәтижелер көрсетті. Бұл – Қазақстан гимнастикасы тарихындағы айтулы жетістіктердің бірі.