Шымкентте «Karlskrona LC AB» серіктестігінің еңбек ұжымымен жаңа Конституцияның мазмұнын түсіндіруге арналған кездесу өтті. Жиында жұмысшыларға Ата Заңға енгізіліп отырған жаңашылдықтар жан-жақты баяндалып, олардың қоғам өміріндегі маңызы түсіндірілді.
Жаңа Конституция жобасында еңбек қауіпсіздігі, адамның құқығы мен мүддесін қорғау конституциялық деңгейде бекітіледі. Еңбек адамдарының жұмыс уақыты, тынығу, еңбек демалысы мен мереке күндеріне төленетін ақы да нақты айқындалған.
АСҚАР АЖАЕВ, «KARLSKRONA LC AB» ЖШС ТЕХНИКАЛЫҚ ДИРЕКТОРЫ
«Жаңа Ата Заңды, қазіргі жасап жатқан жаңа жобасында біздің зауыттағы сапа жүйесімен салыстыруға болады. Ондағы регламенттер де сапалы өнім шығаруға кепіл береді. Ата Заң да солай. Біз техникалық жағынан салыстырамыз. Ата Заңда Қазақстан халқының әл-ауқатын жақсартуға, болашақта саяси бағытты анықтауға арналған жаңа өзгерістер бар екеніне сенім білдіреміз».
Кездесу барысында қызметкерлерге әділ еңбекақы, қауіпсіз әрі санитарлық талаптарға сай жұмыс жағдайы, сондай-ақ кәсіподақтар арқылы өз мүдделерін қорғау тетіктері таныстырылды.
ДАРХАН БАЛАЖАНОВ, Ж. ШАНИН АТЫНДАҒЫ ҚАЛАЛЫҚ АКАДЕМИЯЛЫҚ ҚАЗАҚ ДРАМА ТЕАТРЫНЫҢ ДИРЕКТОРЫ
«Бұрынғы Конституциямен салыстырмалы түрде талқыладық. Бұл жерде кең көлемді, нақты, тайға таңба басқандай етіп берілген өзгерістерді түсіндіру жұмысын ең алдымен әріптестермен отырып бастадық. Одан кейін жалпы көпшілікке, мекемелерге келіп, сұхбат ретінде бір-бірімізге ойымызды бөлісіп, Конституцияда қандай өзгерістер бар, қай жері ұнады, қалай жүзеге асырылады, мақсаттары не деген сұрақтарды түсіндіру жұмыстарын кең көлемде жүргізіп жатырмыз».
Жиын барысында жұмысшылар баяндамашыларға жаңа Конституцияға қатысты түрлі сұрақтар қойып, тұшымды жауап алды.