Жаңа редакциядағы Ата Заң елімізде адам капиталын, білім мен ғылымды, инновацияны мемлекеттік саясаттың басты стратегиялық бағыты ретінде айқындайды. Жаңа заң тек жоғары деңгейде ғана емес, бүкіл халық арасында кеңінен талқылануда. Жобамен танысқан тұрғындар құжаттың маңыздылығын терең түсініп отыр. Бұл жолы Абай ауданының тұрғындары бас қосып, жаңа Ата Заңды талқылады.


Жиынға Шымкент қалалық Қазақстан халқы ассамблеясы жанындағы Ақсақалдар кеңесі төрағасының орынбасары Батырбек Жалмұрзаев арнайы шақырылды. Ол конституциялық реформаның мәні мен маңызы туралы мазмұнды пікір білдірді.


 БАТЫРБЕК ЖАЛМҰРЗАЕВ, ШЫМКЕНТ ҚАЛАЛЫҚ ҚАЗАҚСТАН ХАЛҚЫ АССАМБЛЕЯСЫ ЖАНЫНДАҒЫ АҚСАҚАЛДАР КЕҢЕСІ ТӨРАҒАСЫНЫҢ ОРЫНБАСАРЫ
 «Бұл – болғалы жатқан Ата Заңымызды өзгертіп, заман талабына сәйкестендіріп, жаңалықтар енгізу үдерісі. Мұны жан-жақты ойлаған адам тар түсінікке салынбауы керек деп ойлаймын».


Кездесу барысында ол еліміздегі саяси жаңғыру үдерістері мен конституциялық өзгерістердің қоғам дамуына, азаматтардың құқықтары мен мүмкіндіктерін кеңейтуге қосатын үлесін кеңінен түсіндірді. Жаңа Конституция – елдің ұзақ мерзімді дамуын айқындайтын темірқазық, мемлекеттің ішкі және сыртқы саясатын қалыптастыратын негізгі құжат. Кездесуде тұрғындар өз ой-пікірлерін ортаға салып, жаңа Конституцияның ел болашағы үшін маңызды екенін атап өтті.


НҰРЖАН ДАТҚАБЕКҰЛЫ, ҚАЛА ТҰРҒЫНЫ
«Заңнамаға енгізілген өзгерістерді толық қолдаймыз. Жұмыс өте дұрыс бағытта жүргізіліп жатыр. 15 наурыз күні ел болып дауыс беруге барша халықты шақырамыз».


Конституцияның жаңа редакциясын қабылдау – заңды әрі уақыт талабына сай шешім. Ол қоғам сұранысы мен мемлекеттің стратегиялық даму мақсаттарына толық сәйкес келеді. Абай ауданының тұрғындары жаңа Ата Заңды талқылау барысында осындай ортақ пікірге келді.