Қазақ армиясының іргесін қалаған, ел дамуы жолында аянбай еңбек еткен қолбасшы Мұхтар Алтынбаев 80 жасқа толды. Халық қаһарманының мерейтойына орай Сабыр Рахымов атындағы Әскери колледжде республикалық ғылыми-практикалық конференция өтті. Қатысушылар армия генералының ғибратты ғұмыры жайлы ой қозғады.
Қарапайым жұмысшы жанұясында дүниеге келген Мұхтар Қапашұлы бала күнінен ерекше табандылық пен еңбекқорлықтың жарқын үлгісін көрсетті. Түрлі салада қызмет еткен халық қалаулысы талай сыннан сүрінбей өтіп, арманына қол жеткізді. Оның әскери қызмет жолы өскелең ұрпақты адалдыққа үндейді.
АСҚАР ТҰЯҚБАЕВ, САБЫР РАХЫМОВ АТЫНДАҒЫ ӘСКЕРИ КОЛЛЕДЖІНІҢ ОҚЫТУШЫСЫ
Армия генералы Мұхтар Қапашұлы Алтынбаев – Қарулы Күштеріміздің дамуына өлшеусіз үлес қосқан биік тұлға. Ата-бабамыз аманат еткен кең байтақ жерді, үлкен буын қалыптастырған мықты армияны қорғау – біздің қасиетті борышымыз.
Конференция барысында құқық қорғау органдарының қызметкерлері мен азаматтық сала мамандары баяндама жасады. Сонымен қатар, заманауи қару-жарақ түрлері таныстырылып, әскери бөлімдердің көрнекті көрсетілім бағдарламалары ұсынылды. Қатысушылар Қазақстан Қарулы Күштерінің жетістіктерімен танысты.
ӘЛИ БЫРҚИЯ, ӘСКЕРИ СПОРТ КОЛЛЕДЖІНІҢ ҰЛАНЫ
Армия генералы Мұхтар Қапашұлының елімізге сіңірген еңбегі ұшан-теңіз. Әсіресе халықаралық дипломатия саласындағы еңбегі біз үшін үлкен үлгі. Бүгінгі әскери буын осындай тұлғаларға қарап бой түзейді.
Конференцияға қатысқан білім алушылар пайдалы мәлімет алып, Қарулы Күштер сардарының еңбек жолын насихаттады. Шара жас ұрпақтың патриоттық сезімін нығайтуға бағытталған, – дейді ұйымдастырушылар.