Қазақстан полициясы күніне орай ашық есік күні өтті. Іс-шараға жоғары оқу орындарының студенттері мен мектеп оқушылары, сондай-ақ, ата-аналар қатысып, құқық қорғау саласының бір күндік тыныс-тіршілігін көрсетті. Осылайша тәртіп сақшылары жас буынның болашақ мамандық таңдауына жол көрсетіп, ішкі істер органдарының тарихымен таныстырды.


Іс-шара барысында қонақтар жедел басқару орталығына барып, бейнебақылау жүйесі арқылы қоғамдық тәртіптің қалай қамтамасыз етілетінін өз көздерімен көрді. Сондай-ақ, заманауи техника мен арнайы құрал-жабдықтармен танысып, криминалистердің қылмысты ашудағы жұмысын бақылады. Жастар ішкі істер органдарының тарихына шолу жасап, қызметтік міндетін атқару кезінде қаза тапқан тәртіп сақшыларының рухына тағзым етіп, ескерткішке гүл шоқтарын қойды.


«Ашық есік күнінде біз көптеген қызықты мәліметтер алдық. Біз полицейлердің жұмысымен таныса отырып, олар бізді қалай қорғайтынын, қалай әрекет ететіндерін көрдік. Алған әсерімді айтып жеткізе алмаймын. Бізге оңай болып көрінген дүниелердің артында қаншама тер, қаншама еңбек барын көзімізбен көрдік. Қазақстан полициясы жасай берсін».


Айтулы күннің аясында күн-түн демей адал қызмет етіп жүрген полицейлерді қалалық полиция департаменті бастығының орынбасары Ұлықбек Мылтықов құттықтады. Полиция полковнигі Жедел басқару орталығына арнайы барып қоғамдық қауіпсіздік пен тұрақтылықты қамтамасыз етуге қосқан үлесі үшін тәртіп сақшыларына алғасын білдірді.


Антына адал тәртіп сақшысы алғыс арқалады. Полиция департаменті бастығының орынбасары Маулен Ахметов мерекеде патрульдік полиция полкінің инспекторы Мақсат Мусиннің шаңырағына арнайы барып, қызметіне адалдығы мен антына беріктігі үшін алғыс білдірді. Мақсат Мусин ішкі істер органдарында 13 жылдан бері қызмет етіп келеді. Ол көп жылғы тәжірибесімен қатар, әріптестерінің жадында мәңгі сақталатын ерлікке толы ісімен ерекшеленеді. Өткен жылдың 1 қыркүйегінде жол қозғалысы қауіпсіздігін қамтамасыз ету кезінде Мақсатқа белгісіз ер адам шабуыл жасап, арқасынан пышақ сұққан. Қылмыскер сол сәтте қолға түсіп, қамауға алынды. Ал полиция қызметкері ауыр жарақат алғанына қарамастан, оңалып шыққан соң, қызметіне қайта оралды. “Мен үшін шен мен форма жай жұмыс емес, бұл - борыш”, - дейді тәртіп сақшысы.