Әлем түрлі түсті. Бірақ, кемпірқосақтың барлық түсін көре алмайтындар, тіпті дүниені ақ-қара қалыпта қабылдайтындар бар. Дальтонизм диагнозы жайлы айтып отырмыз. Бұл дерт қоғамға қауіп тудыруы да мүмкін. Сондықтан, түс ажырата алмайтындарға кейбір шектеулер қойылған. Бірақ, дальтониктер айналасына қауіп төндірумен емес, керісінше көл-көсір пайда әкелетін кәсіппен айналысып жүр екен.
Дальтониктерге транспорт, медицина, ғылым секілді көптеген салада жұмыс істеуіне шектеу қойылған. Ал туғанынан түстердің түрін ажырата алмайтын Шоқан Адай видео өңдеумен айналысады. Көзі көрмейтін түстерді пайдаланған кезде код арқылы тауып, қолданып отырады екен. Бейнемонтаждау сферасында өзіндік орны бар.
Дальтониктердің 99%-ы түсті ажырата алады. Дефект әйел адамдарда 0,5% ғана кездессе, ер адамдардың 8%-ында түстерді басқаша көру ақауы бар. Толық түс соқырлығы немесе монохромазияның кездесу мүмкіндігі – 0,00003%. Ал, дальтонизм диагнозынан айығу мүмкіндігі әзірге жоқ. Қызыл-жасылды айыра алмау – көзі көрмейді деген сөз де емес, дальтониктер картинаны анық көруі мүмкін.
Дальтонизм – кең таралған генетикалық ауытқу. Ашық дереккөздерге сүйенсек, әлемде 300 миллионнан аса адам түстердің түрін ажырата алмайды. Жүре пайда болған түрін дәрігерлер емдей алады. Оның үстіне қазір кейбір түстерді анық етіп көрсететін арнайы көзілдіріктер бар екен. Иә, генетика әлі толық зерттелмей келе жатқан сала. Бір қуантарлығы – адамзат ғылым арқылы бірталай мәселені шешіп келеді.