Түркістан және Жамбыл облыстарында шегірткеге қарсы 200 мың гектарға жуық жер өңделді. Ауыл шаруашылығы министрлігі үйірлі зиянкестердің ошақтарын анықтау және жою жұмыстарын жалғастыруда. Бүгінгі таңда шегіртке дернәсілдерінің таралуы Жамбыл және Түркістан облыстарында белең алған.


 Фитосанитарлық іс-шаралар барысында 535 мың гектардан аса аумақ тексеріліп, 227 мың гектардан зиянкестер анықталған. Оның ішінде экономикалық зияндылық шегінен асатын аумақ 195,5 мың гектарды құраған. Жауаптылар шұғыл шара көріп, 189,1 мың гектар жерді өңдеген. Оның ішінде: Жамбыл облысында – 0,7 мың гектар, Ал Түркістан облысында – 188,4 мың гектар аумақ тазартылған. Жұмысқа 287 дана арнайы жерүсті бүрку техникасы, 4 ұшақ және 980 маман тартылған. Қабылданған шаралардың нәтижесінде ауыл шаруашылығы дақылдары зақымданбай, шегірткелердің көршілес мемлекеттердің аумағына өтіп кетуіне жол берілмеді. Болжам бойынша, Қазақстан аумағында үйірлі шегірткелердің таралуы мүмкін жер көлемі 2,1 млн гектарды құрайды, бұл өткен жылдың осы кезеңімен салыстырғанда 1 млн гектарға аз. Күрес шараларына 443 дана бүрку техникасын жұмылдыру жоспарланып отыр. Өңірлерде жедел штабтар құрылып, іс-шара жоспарлары мен жол карталары әзірленген.