Заң талабын сақтамаған 22 жер қойнауын пайдаланушының келісімшарты бұзылды. Түркістан облысында 198 жер қойнауын пайдаланушы тіркелген. Оның 74-і келісімшарт, 124-і лицензия негізінде жұмыс істейді. Жауапты басқарма мен құзырлы органдар олардың жұмысына егжей-тегжейлі тексеріс жасап, тәрітіп бұзушыларды анықтаған.
Аталған мәселе облыс әкімі Нұралхан Көшеровтың төрағалығымен өткен аппарат мәжілісінде талқыланды. Өңір басшысы экологияға жауапты орган басшыларына, аудан, қала әкімдері мен басқарма басшысына заңсыздықты жою керегін тапсырды.
НҰРАЛХАН КӨШЕРОВ, ТҮРКІСТАН ОБЛЫСЫНЫҢ ӘКІМІ
– «Облыс аумағында орналасқан өзендердің және қазылған траншеялардың космомониторинг түсірілімін жасап, ай сайын өзендер бойынша ақпарат беруді тапсырамын. Тұрақты түрде рейдтік шараларды жүргізуді тапсырамын.»
Түркістан облысында жұмысы тоқтатылған кен орындары мемлекет меншігіне қайтарылып келеді. Жыл басынан бері 17 жер қойнауын пайдаланушының 35 мың гектар жері мемлекет балансына берілен. Мәжілісте Қанат Шонбасов баяндама жасап, заңсыз жер қойнауын пайдаланудың алдын-алу жұмыстарына тоқталды. Айтуынша, мақсат аясында арнайы мобильді топтар мониторинг жұмыстарын ұдайы жүргізіп келеді.
ҚАНАТ ШОНБАСОВ, ОБЛЫСТЫҚ ӨНЕРКӘСІП ЖӘНЕ ИНДУСТРИАЛДЫ-ИННОВАЦИЯЛЫҚ ДАМУ БАСҚАРМАСЫ БАСШЫСЫНЫҢ М.У.А
– «Қазіргі таңда ҚР жер қойнауы және жер қойнауын пайдалану туралы кодексіне өзгерістер енгізу күтілуде. Соған сәйкес міндеттемелерін орындамаған жер қойнауын пайдаланушыларға лицензиялары мен келісім шарттарының күші тоқтатылады.»
Жауаптылардың айтуынша, Арыс, Отырар, Ордабасы, Келес, Сауран, Кентау қаласы аумағында заңсыз жер қойнауын пайдалану фактілер толастамай тұр. Мәселен Кентау қаласы, Хантағы ауылдық округі маңында заңсыз барит қазылғаны анықталып, заң бұзған тұлғалар жауапқа тартылған. Сондай-ақ Келес ауданы, Келес өзені жағасын заңсыз қазып, жайылым жерге өнімдерін жинақтап, сатылымға шығару жұмыстары тіркелген. Жалпы облыс аумағында ауыр жүк көліктерінің шамадан тыс жүк тасымалдау, заңсыз құм қазу, қазба өнімдерін саудалау, пайдалы қазбаларды өндіру фактілері анықталып, тиісті шара қолданылу үстінде.