Шымкентте дау-дамайды медиация тәртібімен шешетіндер көбейген. Ашылғанына екі ай болған «Құқық қорғау және татуласу» орталығында 350-дей дауға осы тәсілмен нүкте қойылған. Медиаторлардың көмегіне қарапайым халықтан бастап кәсіпкерлер мен алпауыт компаниялар жүгінеді.


Шымкент – алып шаһар. Халқы тығыз орналасқан өңірде әлеуметтік дау-дамай жиі орын алып тұрады. Отбасылық кикілжіңдерді сотқа жария етпей-ақ, медиация тәртібімен жүйелеу – қалыпты жағдайға айналып келеді.


 АЙГҮЛ ӘМЗЕЕВА, ҚАЗАҚСТАН ХАЛҚЫ АССАМБЛЕЯСЫ ХАТШЫЛЫҒЫНЫҢ МЕҢГЕРУШІСІ

Сот процесі 1-3 айға дейін созылып, азаматтардың уақытын алып жатады. Ал медиациялық тәртіп бойынша арыз берген қос тараптың мәселесін айналасы 1 аптада толық шешіп беріп жатамыз. Сондықтан да татуласу бағытын қолдайтындар көбейген.


 Мамандар медиация күніне орай «Ашық есік» күнін өткізді. Бұл күні азаматтарға заңгерлік кеңес тегін берілді. Қаржы басқарушылар мен адвокаттарға келушілердің қарасы қалың. Тұрғындар әсіресе қарызға ақша беру, алаяқтарға алданып несие алу сынды мәселелерін жеткізді.


ДАНА КЕНЖЕҒҰЛОВА, АДВОКАТ

Бұл біздің мемлекет пен адам арасындағы бірлікті көрсетеді. Азаматтардың мәселесі жоқ емес, бірақ соны сотқак жүгініп шешкісі келмейді.


Медиация тәсілі әсіресе кәсіпкерлерге тиімді,-дейді мамандар. Бұл әдіс қаржылық тұрғыда арзан, уақытты үнемдеуге көмекші.


ЮЛДУЗХАН ҚОЙШЫБАЕВА, МЕДИАТОР

Бізге кәсіпкерлер де келіп тұрады. Оларға осы тәсіл тиімді.


 Күн ұзаққа жалғасқан шарада медиаторлар 40-қа жуық азаматқа кеңес берді. Тіпті сол мезетте мәселесін шешіп, қарсы тараппен тауласып қайтқандары да болды. Мамандар осындай шараларды алдағы уақытта да жиі өткізіп тұрмақ ниетте.