Шымкентте екі бірдей әмбебап жедел қызметтер кешені ашылды. Мұндағы ерекшелік- бір нысанда өртке қарсы қызмет, жедел медициналық жәрдем және полиция бөлімшелерінің бір жерде орналасуы. Еліміздегі алғашқы модульдік бекеттер апатты орынға жету уақытын қысқартып, өзара іс-қимыл тиімділігін арттырады.
Өрт сөндірушілер, жедел жәрдем мамандары және полиция қызметкерлері шоғырланған әмбебап кешендер Елтай тұрғын алабы мен Таскен шағын ауданында бой көтерген. Тұрғындардың қауіпсіздігін қамтамасыз етуге бағытталған жобалар «Аумақтарды дамыту жоспары» аясында жүзеге асырылды. Көп салалы бекеттердің салтанатты ашылу рәсіміне Төтенше жағдайлар министрі Шыңғыс Әрінов пен Шымкент қаласының әкімі Ғабит Сыздықбеков арнайы қатысты.
ШЫҢҒЫС ӘРІНОВ, ҚР ТӨТЕНШЕ ЖАҒДАЙЛАР МИНИСТРІ
Өте жақсы тәжірибе, мұны бүкіл елге таратамыз. Осындай кіші болса да, заманауи, функционалды мықты деполарды ел бойынша шағын аудандарда салатын боламыз.
Әмбебап кешендер жергілікті бюджет есебінен алты айда салынған. Мұнда 50-ге дейін қызметкер еңбек етеді, ал әр кешен екі өрт сөндіру көлігін орналастыруға есептелген. Ғимарат заманауи қауіпсіздік пен жайлылық талаптарына сай жобаланған. Бір қабатты нысанда қызметтік бөлмелер, газ-түтіннен қорғау қызметінің бекеті, асхана және оқу сыныбы бар. Құтқарушыларды даярлауға арналған оқу мұнарасы мен спорт алаңы да қарастырылған.
БАТЫРХАН ӘШЕТОВ, ТОҒЫС ТҰРҒЫН ҮЙ АЛАБЫ АРДАГЕРЛЕР КЕҢЕСІНІҢ ТӨРАҒАСЫ
Осы қызмет керек. Өте орынды ұйымдастырылды, тура ортасында. Мына жақ -Елтай, мына жақ -Маятас, Тоғыс. Тез арада жетіп баратын жағдай бар.
Айта кетейік, жылдың соңына дейін Сауле шағын ауданында, ал келесі жылдың басында Бозарық-3 шағын ауданында осындай кешендердің құрылысы аяқталады. 2026 жылы қала аумағында тағы алты нысан салу жоспарланған.