«Таза Қазақстан» идеясы мектеп бағдарламасына енгізіледі. Бұл туралы оқу-ағарту министрі Жұлдыз Сүлейменова айтты. Сөзінше, жалпыұлттық сипат алған  жоба білім беру жүйесіне енгізіліп келеді. Министр «Таза Қазақстан» бастамасы тұлға тәрбиесімен ұштастырылып, білім мазмұны жаңа құндылықтармен толықтырылатынын жеткізді. Жаңартылған оқу бағдарламаларына экологиялық мәдениет пен тұрақты даму мазмұны енгізілді.


Жаратылыстану, физика, химия, биология, география, тіл мен әдебиет, адам және қоғам, технология және өнер пәндерінде экологиялық мәселелер, табиғатты қорғау, энергияны үнемдеу, қалдықтарды қайта өңдеу дағдылары кеңейтілген. Бұл өзгерістер оқушылардың табиғатқа деген жауапкершілігін арттыратын мінез-құлық қалыптастыруға ықпал етеді, - дейді жауаптылар. Министрлікпен «Таза Қазақстан» бастамасы аясында алты әлеуметтік жоба жүзеге асырылып келеді. Тақырып негізінде эссе байқауы ұйымдастырылып, жас өреннің көзқарасы зерттеледі. Тұжырымдама аясындағы кешенді жұмыстарға оқушылармен бірге ата-аналар да белсенді түрде атсалысып жатыр. Бүгінде 186 мектепке дейінгі білім беру ұйымы мен 125 мыңнан астам оқушыны қамтыған 4 мыңға жуық «Жасыл клуб» белсенді қызмет атқаруда. Сондай-ақ қоршаған ортаны қорғау, азаматтық жауапкершілікті арттыруға арналған 40 мыңнан аса баланы қамтитын жас натуралистер мен жас туристер станциялары да бар.