Қала әкімі Қаратау ауданындағы Бәйдібек би даңғылы мен Төлеметов көшесінің қиылысында салынатын жолайрық құрылысының жобасымен танысты. Жоба көлік жүктемесін азайтуға, өткізу қабілетін арттыруға және жол қауіпсіздігін жақсартуға бағытталған. Жолайрық құрылысы аяқталған соң, көлік ағымын оңтайландыруға, жолдағы уақытты қысқартуға және қатысушыларға ыңғайлы жағдай жасауға мүмкіндік туады.
Бұдан бөлек, бүгін тасымал инфрақұрылымын дамыту аясында Шұбаркөл көшесінің Өтегенов көшесінен Қазиев көшесіне дейінгі учаскесі мен Қазиев көшесінің Шұбаркөл көшесінен Арғынбеков көшесіне дейінгі учаскесінде қозғалыс ашылды. Жаңа учаскелер көшелердің байланысын жақсартып, параллель көшелердегі көлік ағымын реттейді. Жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары басқармасына жаяу жүргіншілер жолы мен көрші аумақтарды абаттандыру және көгалдандыру жұмысын аяқтауды тапсырды. Сондай-ақ Алтынсарин көшесінің реконструкциясын тексерді. Көше жолақтарын екі жолақтан төрт жолаққа дейін кеңейту шағынаудандар арасындағы көлік қолжетімділігін арттырады және Бәйдібек би даңғылындағы жүктемені төмендетеді.