Шымкенттік стартапер ДЦП-мен ауыратын балаларға арналған жүріп-тұру құрылғысын ойлап тапты. Церебральды сал ауруы бар бала интерактивті электронды ходуноктың көмегімен өзі жүріп, діттеген жеріне жетуге мүмкіндік алады. Жоба Startup Orda инкубациялық бағдарламасының Demo Day финалдық кезеңінде таныстырылды.


 Startup Orda инкубациялық бағдарламасына 20-дан аса команда қатысты. Әртүрлі жастағы студенттер мен тәжірибелі мамандар сарапшыларға өз жобасын таныстырды. Олардың қатарында Нұрбек Омардың стартап жобасы бар. Ол церебральды сал ауруы бар балаларға арналған интерактивті электронды құрылғы ойлап тауып, оның тиімділігін айтып берді.


 НҰРБЕК ОМАР, СТАРТАПЕР
Осындай диагнозы бар балалардың негізгі мәселелері – оңалту орталықтарына барудың қиындығы, кезектің көптігі, қажетті жабдықтардың шектеулілігі және олардың стационарлы болуында. Қазіргі оңалту жұмыстарының көбінде балаларға арналған жүгіру жолақтары қолданылады, алайда оның кемшілігі көп. Бұл баланың қызығушылығын оятпайды, сондықтан әр жерге алып жүру мүмкін емес әрі бағасы өте жоғары. Сол себепті жаңа электронды интерактивті ходуноктың бағасы дәстүрлі құрылғылардан 10–20 есе төмен болмақ.


Инкубациялық бағдарлама алғаш рет ұйымдастырылып отыр. Оған 82 жоба тіркеліп, 20-сы финалға жолдама алды. Startup Orda стартаперлерге өнімді әзірлеуге, нарықты зерттеуге, бизнес үлгіні қалыптастыруға және коммерциялық бағытта жүйелі жұмыс істеуге мүмкіндік береді.


ҚҰРМАНҒАЗЫ МҰРАТОВ, ШЫМКЕНТ HUB АЙМАҚТЫҚ МЕНЕДЖЕРІ
Іс-шара барысында 20 жоба өзінің жұмысын таныстырды. Startup Orda бағдарламасының стартаперлерге өнімді әзірлеу, нарықты зерттеу, бизнес үлгіні қалыптастыру, техникалық және коммерциялық бағыттағы жүйелі қолдау көрсетуге бағытталғанын атап өтті. Сонымен қатар әр стартапқа бекітілген 2 трекердің кәсіби көмегі, тәжірибелік сабақтар мен 3–4 офлайн воркшоп жас кәсіпкерлер үшін үлкен тәжірибе болғанын жеткізді. Аймақтық менеджер тәжірибелі мамандардың қатысуы да қатысушыларға зор мүмкіндік беретінін айтты.


Demo Day финалдық кезеңінде үздік жобалар іріктелді. Енді стартаперлер тың жобаларын жүзеге асыру үшін инвестор табуы керек. Бұл орайда «Шымкент HUB» көмек қолын созады.